Қазақ телевизиясының ардагері Қайнар Олжай 60 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының ардагері Қайнар Олжай 60 жаста

29.06.2018

Жазушы, журналист, публицист, ел Президенті грантының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай 60 жасқа толды. Бұқаралық ақпарат құралдарында өзіндік қолтаңбасы бар талантты тұлға осы саланың дамуына зор үлес қосқан. Әлі де білімі мен білігін отандық журналистикаға жұмсап келеді. Талай басшылық қызметті абыроймен атқарған. Мерейтой иесін тұтас ел мен әріптестері құттықтап, ақжарма тілектерін жолдауда. 

Қайнар Олжай алпыстың қазығына ат байлады. Мерейтой иесіне әріптестері сый-құрмет көрсетуде. Қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған төсбелгі табысталды. Талай жыл бірге қызмет атқарған азаматтар мен әріптестері құттықтауларын айтып, оның журналистикаға сіңірген еңбегі туралы кеңінен баяндады.

Әділбек Қаба, ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қазір міне, 60 жасқа келіп жатса да, өзінен кейінгі жастарды өз қатарындай көріп, өз мүддесі емес, журналистиканың мүддесін жоғары қойып жұмыс істейді. Сондықтан да, Қайнар Олжай – БАҚ-тағы ең бір үлкен тұлға.

Қайнар Қалиақпарұлы газеттен бастап, телевизияның жілігін шағып, биігін де бағындырды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясында талай жыл түрлі басшылық қызметтерді атқарып келеді.

Ғалым Есенсариев, «Qazaq Radiosy»-ның ардагер журналисі:

- Шындап келсек, атағы шығып жүрген, бәйге алып жатқан журналистер көп.  Бірақ, барлық журналист кімнің шамасының қанша екенін жақсы біледі. Қайнар әлі де өзінің толық бағасын алу керек еді. Өте мықты журналисттердің бірі. 

Қайнар Олжайдың мол тәжірибесінен тәлім терген шәкірттер аз емес. Жазған туындылары мен кітаптары да оқырманның жоғары бағасына ие.

Қайнар Олжай, «Qazaqstan» телеарнасының бас редакторы:

- Қазір өте жылдам заман. Етек-жеңімізді жинамай, 60-қа да тез келіп қалдық. Біткен жұмыстан, бітпеген жұмыс көп. Әлі де жазып, халқыма көп нәрсе айтсам, жеткізсем деймін.

Ел ағасының алға қойған жоспарлары мен жұмыстары көп. Олардың барлығы қазақ журналистикасы мен өнеріне олжа болары анық. Ендеше, мерейтой иесіне шығармашылық табыс тілейік.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу