Алматыда тағы да айлық дауы. Бұл жолы «Алтын Орда» базарының маңындағы халықаралық жол салып жатқан жұмысшылар шу шығарды. Айтуларынша, олардың ақша алмағанына екі ай болған. Осыған дейін де еңбекақыларын тек көтеріліс жасау арқылы алып келіпті. «Ал, бұл жолы қалай көтерілсек те, кешіккен ақшадан хабар жоқ», - дейді.
Бұл жігіт бізге түрін де көрсетпеді, атын да айтқан жоқ. Бір жағы ұялады, бір жағы қорқады. Ал, уақытында айлығын алмай, әбден ашынған жұмысшылар мәселені ашық айтты. Өйткені, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр,материал келіп жатыр, тек айлық қана үнемі кешігеді. «Ал, айлық кешікті екен деп, кредитті кешіктіре алмайсың», - дейді.
Ержан Жолдасбеков, жұмысшы:
- Бәріне ақша бөлініп жатыр. Тек бізге бөлінбейді. Карталардың бәрін бұғаттап тастаған.
Арыстан Байжұманов, жұмысшы:
- Өзіңіз білесіз, қазір бәрінде кредит бар. Мұнда 500 адамдай жұмыс істейді.
Құрылысқа жауапты «Дәулет-Дорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары нақты жауап бермесе де, түрлі себеп айтты. Осы уақытқа дейін бөлінген қаржы қажетті заттар мен техника жалдауға жұмсалғандығын, ол мәселе енді шешіліп, айлықтың кешікпейтіндігіне уәде берді.
Рустам Төлегенов, «Дәулет-Дорстрой» ЖШС қызметкері:
- Осы айдың аяғында ақша түседі. Айдың соңы, болмаса 5-не дейін айлықтарын түсіріп береміз.
Бірақ, жұмысшылар бұл бір уәде емес, құр уәде, дәл осындай құрғақ сөзден құлағымыз да құрғап бітті деп отыр. Сондықтан, қолымыздағы келісімшарт бойынша әр айдың 10-на дейін айлығымызды түсіріп тұрсын деп нақтыталап қойды.
Бұл міне, жұмысшылардың салып жатқан жұмысы, еңбегі. Қазір жұмыстың шамамен 30-40 пайызы аяқталған. Бірақ, енді айлық берілгенге дейін жұмысшылар жұмысқа шықпаймыз, тоқтатамыз деп бекініп отыр. «Тіпті, қажет болса, мына халықаралық жолды ертең жауып тастаймыз», - дейді. Ал, Алматының басты қақапасы саналатын «Алтын Ордадағы» бұл жол құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталуы керек болған. Бірақ, жұмыс тоқтаса, айлық берілмесе, жұмыстың, кептелістің қашан бітеніні әлі белгісіз.
Аманкелді СЕЙТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.