Түркістан облысының Мақтаарал ауданында шаруалар Үкіметтен берілген арзан бағадағы минералды тыңайтқышты уақтылы ала алмай отыр. Өйткені, Ақтаудағы зауыттан өнім кешігіп жеткізілуде. Ол аз болғандай, егістік жерлердің құжаттарын қайта тіркеп, уақыт жоғалтқан шаруалар биыл тіптен өнімнен қағыламыз ба деп алаңдайды.
Қоғалы ауылында тұратын Перде Әлімова 8 баланың анасы. Бір үйлі-жанның күнкөрісі осы 2 гектар мақталық. Көктемде шитті себе салысымен-ақ минералды тыңайтқыш алуға қажетті құжаттарын түгендеп, керекті жеріне өткізген-ді. Екінші қайтара дәрі себетін уақыт жетті, селитрадан әлі хабар жоқ. Жеткізіп беретін мекеме күнде ертеңмен уақыт оздырып келеді.
Перде Әлімова, Қоғалы ауылының тұрғыны:
- Қағазымызда тұр 73 мың 500-ге 1 жарым тонна селитра береміз деген. Соны әлі бермейді. Мақтам енді шанаққа отырды. Арғы жақтары гүлдеп те жатқан шығар. Күші жетпейді. Енді мен не өнім аламын?
Көп жерде мақтаның шығымы жақсы болғанымен, әрі қарай жайқалып өсе алмай тұр.
Ғани Қалмаханов, тілші:
- Мынау осыдан 2 ай бұрын егілген мақталық алқап. Дәл қазір оның өсіп-толысып, нағыз өнім байлауға жеткен дер шағы. Алайда, қоректің жетімсіздігінен әр түптегі мынадай шанақтар саны жылдағыдан 2-3 есе аз. Осыған қарап шаруалар күзде мақтадан мардымсыз өнім аламыз ба деп қауіптеніп отыр.
Аймақта Үкіметтің жеңілдіктерін пайдалана алмай жүрген шаруалар жетерлік. Бұрынғы Мақтаарал ауданы екіге бөлінді. Оның үстіне сандық жүйеге өтуге байланысты жер иеленушілердің құжаттары қайта тіркелуде.
Жетібай Сүлейменов, шаруа:
- Кадастр бөлімінде, Әділет басқармасында қайтадан құжаттандырып, кадастр нөмірлерін тіркеп жатыр. Сол халыққа көп кедергі болды. Дәл қазір уақыты өтіп кетсе, минералды тыңайтқыштың қажеттілігі шамалы болып қалады.
Аудан бойынша 134 мың гектар суармалы жердің құжаттары қайта тіркеуден өтуі керек. Бүгінгі таңға соның 53 пайызы ғана есепке алынды. Өйткені, құжаттарда кезінде жіберілген кемшілік өте көп.
Асан Маханбетов, аудан әкімінің орынбасары:
- Әділет басқармасында тіркеуден өтуі керек, көбі тіркелмеген, одан кадастрда геометриялық сызбалары дұрыс емес.
Белгіленген мерзімде бұл істі аяқтай алмайтын болғандықтан аудан әкімдігі тағы біршама уақыт мұрсат сұрап отыр. Өйткені, құжаттар толық рәсімделмейінше мақтааралдық диқандардың дені тек минералды тыңайтқыш қана емес субсидия қаржысы, арзан бағадағы жанар-жағар майдан да қағылғалы отыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.