Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтары медициналық көмек алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтары медициналық көмек алады

20.06.2018

Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтары енді ел тұрғындарымен тең дәрежеде медициналық көмек алады. Бүгін Мәжіліс «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында ғарыш айлағының қызметкерлері мен Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібіне қатысты келісімге өзерістер енгізу бойынша хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Бұған дейін 48 мыңнан астам Қазақстан азаматы медициналық көмекті тек ресейлік ұйымдардан және сол елдің заңнамасына сәйкес алып келді. Енді жаңа заң жобасы арқылы Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын Қазақстан азаматтары ел медицинасының игілігін көреді. Байқоңырда осыдан 2 жыл бұрын денсаулық сақтау мекемесі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл 30 мың адамға арналған емхана ашылды.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл хаттама аталған аумақта халыққа көрсетілетін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің толығымен орындалуына ықпал ететіні хақ. Қарастырылып отырған келісім жобасы уақытылы және негізді болып, аталған мәселелердің шешімін тауып, «Байқоңыр» ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің аумағындағы қазақстандық медициналық ұйымның құқықтық бекітілуіне құқықтық өзгерістер туғызып, Қазақстан Республикасы үшін жағымды құқық қалыптастырады.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу