Түркістан қаласының жаңа мәртебесіне қатысты зиялы қауым өкілдерінің пікірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан қаласының жаңа мәртебесіне қатысты зиялы қауым өкілдерінің пікірі

19.06.2018

Түркістан – тарихи тамыры тереңге таралған көне шаһар. Аймақта 140-қа жуық тарихи сәулет құрылыс ескерткіші бар. Солардың ең алыбы – Қожа Ахмет Ясауи кесенісі. Түркі әлемнің құнды жәдігері саналатын нысанды  тамашалауға алыс шетелден былтырдың өзінде 35 мың адам келген. Бұл көрсеткіш өңірдегі туризмнің қарқын алып келе жатқанының дәлелі. Аймақта осы күні саяхатшыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен түрі артып, қаладағы қатынас жолы жақсарған.  

Ақәділ Қондыбаев, Түркістан облыстық Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі:

Түркістанның туризмі тарихи-танымдық туризм болып саналса, бүгінде оның басқа да түрлерін ашып отырмыз. Яғни, Сырдария бойында Бұхар бұғыларын көбейту, емдік туризмді дамыту. Одан кейін шытырман оқиғалы туризмді дамытсақ деп отырмыз. Қазіргі қалаға келген туристерге қызмет көрсететін 15 қонақ үй болса, 2025 жылға дейін 18-ге жеткіземіз.

Түркістан тек Қазақстанның емес, түбі бір түркі елдерінің ғасырлар бойы рухани орталығы болған шаһар. Былтыр қала түркі дүниесінің мәдени астанасы атанды. Кешегісі кенен, бүгіні кемел кентке бұл шешім оң әсер етіп, келешегін көркейте түсетініне еш күмән жоқ.

Түркістанды облыс орталығына айналдыру жөніндегі ұсыныс 90 жылдарда да жасалған. Алайда, сол кездегі посткеңестік елдердегі  экономикалық  тұрақсыздыққа байланысты мәселені талқылау кейінге қалдырылды. Іргелі істердің арқасында Оңстүстік Қазақстан облысы бүгінгі күні экономикасы қуатты өркендеген өңірге айналды.

Смағұл Елубай, жазушы:

Бұл өзі жалпы қазақ халқының көптен көкейінде жүрген арманы болатын. Оны кейбір жерлерде айтып та жүретінбіз. Өйткені, Түркістан рухани тұрғыдан қазақ халқының, Қазақ хандығының Есім ханнан бастап Абылайға дейінгі астанасы болғаны белгілі. Ал, енді бүгінгі тарихи Жарлық біздіңше, түркі әлемі үшін үлкен маңызы бар. Оның ішінде, Қазақстан үшін, біздің рухани бірлігіміз үшін маңызы бар шешім болды дегім келеді.

Түркістанның орналасқан географиялық орны да тиімді. «Батыс пен шығысты жалғайтын Ұлы Жібек жолының бойындағы шаһардың мүмкіндігін тиімді пайланаса, қаланы ірі логистикалық орталыққа айналдыруға болады», - дейді сарапшылар. Бұл аймаққа сырттан да да қомақты қаржы тартуға мүмкіндік береді. 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу