Шымкентте «Астана» мөлтек ауданы бой көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Астана» мөлтек ауданы бой көтерді

18.06.2018

Тұрғын саны миллионнан асып, ірі мегаполиске айналған Шымкент қаласында «Астана» деп аталатын жаңа шағын аудан бой көтерді. Шаһарға ерекше келбет берген тұрғын үйлер айрықша сәулетімен көз тартады. Сондай-ақ, «Астана» деген атаумен гүлзар да ашылды. Аумағы 1 гектар болатын гүлзарға оңтүстікте аса сирек өсетін ағаштар мен гүлдер егілді. Елорданың мерейлі мерекесі қарсаңында «Астанадан» баспана алған отбасылардың алғашқы легі қоныс тойын тойлады.

«Астананың» алғашқы тұрғындарының бірі - Әтіркүл Рысбаева. Алты перзенттің анасы. Көпбалалы отбасы 12 жылдан бері баспана кезегін күтіп жүрген-ді. Тілектері орындалып, шаһардың орталығындағы ерекше үлгімен соғылған көпқабатты үйден пәтерлі болды. 

Әтіркүл Рысбаева, «Астана» мөлтекауданының тұрғыны:

- Тегін беріп жатыр. Жалдамалы үй. Мен секілді көпбалалы аналарға қоныс тойы құтты болсын! Бақытты болсын барлығы, өте қуаныштымыз.

Әлеуметтік жағдайы нашар және ата-ана қамқорлығынсыз қалып, балалар үйінде тәрбиеленген бір топ азамат тап осындай қуанышқа кенелді. Мөлтекаудан енді олардың жайлы қонысы ғана емес, ертелі-кеш сергіп демалатын орны болғалы тұр. «Астана» есімін иемденген гүлзарға шынар, қайың мен талшын ағаштары егілген. Аяқжолдардың жағалауы қызылды-жасылды алуан түрлі гүлдермен көмкерілді. Ал, орталық алаңдағы шаңырақ бейнесі еліміздегі татулық пен бірлікті меңзеп тұрғандай. Келешекте оның төңірегі мөлтекауданның келбетін түрлендіріп, ажарын аша түсетін кіші архитектуралық бейнелермен толықпақ.

Ғабит Мәуленқұлов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда 9 үй салынып жатыр. Олар жыл аяғына дейін бітеді. Олар да кезең-кезеңімен  әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға немесе КИК арқылы, «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы  тапсырылады.

Қазір мөлтекауданда 27 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерге 25 мыңнан астам отбасы қоныстанбақ. Осылайша, Оңтүстіктің «Астанасы» шаттық пен бақыттың мекені болғалы тұр. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу