Қостанайда «Men Qazaqpyn» халықаралық мегажобасының облыстық кезеңі қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда «Men Qazaqpyn» халықаралық мегажобасының облыстық кезеңі қорытындыланды

14.06.2018

Байқауда дәстүрлі ән, күй және терме бойынша 27 өнерпаз бақ сынады. Қазылар алқасы әр номинация бойынша үш адамды үздік деп тапты. Енді олар Астанада өтетін аламанда астықты аймақтың атынан сынға түседі.

Жаңа қала Тобылдың орталығындағы «Алтын дән» мәдениет үйі. Бүгін мұнда қалалық, аудандық сайыстарда топ жарған өнерпаздар жиналды. Олардың қай-қайсы да бүгінгі додаға тыңғылықты дайындық, үлкен үмітпен келген.   

Әсем Ысқақова, жобаға қатысушы:

- Аудандық кезеңде ең үздік деп танылып, осы облыстық байқауға жолдама алдым. Қобалжу бар. Дегенмен, бағымды сынауға бел буып тұрмын.

Бүгінгі өнер бәйгесінде де әдеттегідей бағы мен бабы келіскендер озды. Қазылар алқасының шешімімен Арқалық қаласынан келген Ерлан Шәкіров - ең үздік күй орындаушы, Қостанай қаласы атынан сынға түскен Нұрсұлтан Қасым - ең үздік термеші және Талғат Молдағалиев - ең үздік дәстүрлі ән орындаушысы атанды. Енді олар Астана қаласында Қостанай облысының атынан сынға түседі.

Талғат Молдағалиев, дәстүрлі әнші:

- Қуанып тұрмын. Бірақ, сайыс әлі жалғасады. Сондықтан, бұл бір жағынан жауапкершілік. Облыс атынан сынға түсетін болған соң жан-жақты дайындық керек. 

«Men Qazaqpyn»  мегажобасы ұмытыла бастаған туындыларды жадымызда жаңғыртып, өңірлердегі есімі көпке таныла қоймаған өнерпаздарды табуға жол ашады. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Еркін Таңатқанұлы, «Qazaqstan» Ұлттық арнасының директоры:

- Бұл жобаның мақсаты - ұлттық өнерді дәріптеу, насихаттау, келер ұрпаққа саф күйінде жеткізу. Бүгінге дейін 200-ден астам елді мекенде 1300 адам қатысқан іріктеу кезеңі өтті.

Халықаралық жоба алдағы уақытта да жалғасады. Бұл туралы байқау соңынан өткен баспасөз конференциясында айтылды. Яғни, қазақтың дәстүрлі өнері тағы да жаңа есімдермен толыға бермек.

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу