Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Анарбек Қарашев қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Анарбек Қарашев қамауға алынды

13.06.2018

10 млн. теңге пара алды деп айыпталған ҚР СІМ-нің жауапты хатшысы Анарбек Қарашев қамауға алынды. Бұл туралы арнайы брифинг барысында  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин мәлімдеді. Анарбек Қарашев министрліктің ведомство ұйымдарының жетекшілері Сәкенованың, Нұрекеновтың және Жұмасанованың заңға қайшы әрекеттерін жасырғаны үшін жүйелі түрде 10 миллион теңгеден аса заңсыз сыйақы алып отырған. Өз кезегінде Сәкенова, Нұрекенов және Жұмасанова кәсіпкерлерден министрлікке көрсеткен қызметінің кедергісіз қабылдануы үшін 20 миллион теңгеден аса пара алған.

Нұрлан Жахин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің ресми өкілі:

Жалпы алты адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Соттың санкциясы бойынша Қарашев пен Нұрекенов қамауға алынды. Сәкеноваға қатысты үй қамауына алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Сондай-ақ, күдіктінің өз-өзіне қол жұмсауына жол берген ұлттық бюроның Алматы облыстық департаментіндегі бірқатар қызметкер бүгіннен бастап жұмыссыздар қатарына қосылды. Естеріңізде болса, ақпан айында Талдықорғанда парамен ұсталған Сейілхан Мұхамадиев ұлттық бюро ғимаратының төртінші қабатынан секіріп кеткен еді. Осы оқиғадан соң, департаменттің аға тергеушісі Асқанов пен Ішкі істер офицері Алдабергенов жемқорлыққа қарсы күрес қызметінен босатылды.

Ал, қоластындағы қызметкерлерді бақыламағаны үшін Департамент басшысы Аликов, оның орынбасарлары Жұрмағамбетов пен Қаратайдың әрі жедел басқарманың басшысы Мырзахметов, оның орынбасары Машеков пен бөлім басшысы Бүкіров жұмыстан шығарылды.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу