Қостанай облысының диқандары көктемгі егіске дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының диқандары көктемгі егіске дайын

22.04.2014
Қостанай облысының диқандары көктемгі егіске дайын
Қостанай облысының диқандары көктемгі егіске дайын. Шаруаларға 71 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай беріледі. Жалпы дала жұмыстарын жүргізуге азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы 4 миллиард  200 миллион теңге қарастырылған.
 
22 мың трактор мен өзге де техникалар алқапқа түрен салуға дайын тұр. Былтыр ел қамбасына 5,5 миллион тонна астық құйған қостанайлықтар, биылғы жылды да табысты аяқтайтындарына сенімді.
 
Ермек Жұмабековтің егіншілікпен айналысқанына биыл - 16 жыл. Еңбек жолын қатардағы агрономдықтан бастаған ол бүгінде іргелі шаруашылықтың жетекшісі. Былтыр 7,5 мың гектар жерге егін салып, одан 8 мың тоннадай өнім алды. Жиылған дәннің бір түйірін де ысырап қылмай өзіне тиімді бағаға саудалады.
 
Ермек Жұмабеков, шаруашылық жетекшісі:
Биыл егістік көлемін 9-10 мың гектарға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл пайдаланылмай келген алқаптарды игеру есебінен жүзеге асады. Біз арпа, сұлы тәрізді мал азығына қажет дақылдарды да өсіреміз. Енді аздап майлы дақылдарға көшсек пе деген де ойымыз бар.
 
Алқаптарды әртараптандыру бүгінде облыс бойынша қарқын алып келеді. Мысалы, былтырғы жылмен салыстырғанда майлы дақылдар көлемі 50 мың гектарға, мал азығына қажет дақылдар көлемі 20 мың гектарға артқан. Бұл оң өзгеріске мемлекеттің шаруаларға беретін субсидия көлемін арттыруы себеп.
 
Қайрат Смайылов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
Былтырмен салыстырғанда майлы дақылдарға субсидия гектарына 3800 теңгеден 9 мың теңгеге көтерілді. Мал азығына 1 мың теңгеден 6000 теңгеге көтерілді. Бидайға берілетін субсидия гектарына 650 теңге.
 
Дегенмен Қостанай облысының алқабында бидайдың үлесі әлі де басым. Биыл барлығы 4 миллион 800 мың гектар жерге дән себілсе, соның 3 миллион 900 мыңы бидайға тиесілі. Алайда, қамбаға құйылған өнімнің ысырап болған кезі жоқ.
 
Былтыр облыс бойынша 1,5 миллион тонна астық алыс-жақын шетелге экспортталса, биыл бұл көрсеткіш әзірге 500 мың тонна көлемінде. Қалған өнім ішкі нарықта саудаланған. Диқандар дән себу науқанын мамыр айының ортасында бастауды жоспарлап отыр.
 
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу