Целиноград ауданында заңсыз құжаттармен жер сатқан азаматтарға қатысты сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Целиноград ауданында заңсыз құжаттармен жер сатқан азаматтарға қатысты сот үкімі шықты

05.06.2018

Олардың арасында мемлекеттік мекемелердің бұрынғы қызметкерлері, Қосшы ауылдық округінің экс-әкімі және жеке компанияда жұмыс істеген азаматтар бар. Айыпталушылар учаскелерді Астана маңындағы жер телімдерін бөлу мен сатуға мораторий жарияланғанына қарамастан саудалаған. Енді олар тиісті жазаларын алып отыр.

2014 жылы Қараөткел ауданының жеріне Астанадан бір топ отбасы көшіп келеді. Жекеменшік тұлғадан жер сатып алып, баспана салуды көздеді. Алайда, олардың қуанышы көпке созылмады. Құжаттарда шикілік шыққан.

Жекеменшік тұлға – Қараөткел ауылының тұрғыны Марат Тәсібеков. Ақсақал осыдан бірнеше жыл бұрын туыстарымен бірлесіп, Астана іргесінен гектарлап жер сатып алады. Кейін оны бөліп, ауданда құжаттарын тіркеп, өзгелерге саудалайды. Қомақты қаржыға ауылда зәулім мешіт тұрғызуды жоспарлады. Алайда, ақсақалдың арманы орта жолдан кесілді. Сатып алған жерлері республикалық базада жоқ болып шықты.

Марат Тәсібеков, жәбірленуші:

Мен сатқан кісілерге өтірікші болып қалдым.

Ақсақалдан жерді сатып алған отбасы ауылға Астанадан көшіп келуді жоспарлаған. Жер телімін Әділет басқармасында тіркеп, еш кедергісіз үйдің қаңқасын тұрғызып үлгерді. Алайда, құзырлы органдар құрылысты ары қарай жалғастыруға рұқсат бермеді. Заңсыз құжаттың зардабын көрген 300-ге жуық отбасы сотқа бірнеше рет шағымданды. Қылмыстық топ тиісті жазасын аларына сенімді. Алайда, жәбірленушілердің жағдайы не болмақ?

Людмила Кельм, жәбірленуші:

Біз енді бәрін қайтадан бастауымыз керек. Жер телімдерін қайта бөліп, кабинеттерді жағалап, қыруар қаржы төлейміз. Неге құрылысты әрі қарай жалғастыруға құқығымыз жоқ? Біздің шығынымызды кім төлейді? Еш кінәміз жоқ қой. Өмір бойы жиған-тергенімізді жерге жұмсадық.

Тұрғындарға жерді заңсыз бөлгендер көп ұзамай қолға түсті. Ақмола облысының  Қылмыстық істер жөніндегі соты 24 күдіктіге қатысты үкім шығарды. Олардың 13-і ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болды деп айыпталған.

Арлан Қосжанов, Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

24 адамның 5-еуі ақталды. 19-ына түрлі деңгейдегі жазалар тағайындалды. Айыппұл, бас бостандығынан айыру бар. Ең қатаң жаза - 6 жыл берілді. Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болды деген 13 адамның үшеуінің кәнісі ғана дәлелденді. Тараптар заңда көрсетілген мерзімде сот шешіміне қатысты шағымдана алады.

Жәбірленген азаматтар соттың шешіміне міндетті түрде шағымданады. Өйткені, олар өмір бойы жиған-терген қаржыларынан бір сәтте айырылғылары келмейді. Мәселе оңтайлы шешілетініне олар үмітпен қарайды.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу