Астанада ТЖД өрт-тактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада ТЖД өрт-тактикалық оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді

30.05.2018

Астана қаласының іргесіндегі жасыл белдеу өртенді. Қызыл жалын орманды даладағы 5000 шаршы метрге таралды. Зардап шеккендер жоқ. Бұл Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің бүгін ұйымдастырған өрт-тактикалық оқу-жаттығу жұмыстарының сценарийі. Отқа оранған алқапқа Оңғар Алпысбайұлы да барып қайтты.

Өрттің басталғанына шамамен 10 минуттай уақыт өтті. Өрт сөндірушілер жаңа келіп тұр. Олар енді ғана өздерінің жұмыстарына кірісті. Ал, бұған дейін орманшылар өз күштерімен тілсіз жауды біраз ауыздықтап, жайылуына жол бермей ұстап тұрды. Қазір Төтенше жағдайлар қызметкерлері бөлек штаб құрады да жағдайды бағамдап, ары қарай жұмыс істейтін болады. Ал, біз ары қарай бақылаймыз.

Дабыл көтерілісімен оқиға орнына «Жасыл-Аймақ», «Зеленстрой», «Астана су арнасы» сияқты коммуналдық мекемелер де жетті. Алдымен Тракторлар жер жыртып, оттың таралуына тосқауыл қойды. Жаттығудың көздегені де осы. Түрлі сала қызметкерлерінің ортақ жұмысын жүйелеу.

Азамат Жұмекешев, Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы:

- 10 минуттан аз уақытта өрт орнына жетеміз қала бойынша. Жасыл белдеуге шыққанда бүкіл коммуналдық қызмет шығады.

Тілсіз жауды тез арада өшірген мамандар улы түтін жасыл алқапқа зиянын тигізбеу үшін судан қалқан жасап, қорған қойды.

Иса Батырқожинов, Астана қаласы №5 өрт сөндіру бөлімінің аға инженері:

- Біз бұл өртті 3 минутта жартылай оқшауладық. Одан кейін 5 минуттың ішінде толығымен жойдық.

Жыл басынан бері Астанада құрғақ шөп пен қамыстың жануы бойынша 70 дерек тіркелген. «Олардың барлығына дерлік тұрғындардың абайсыздығы себеп», - дейді мамандар.

Міне енді толығымен өшті. Оқу-жаттығу жұмыстары сәтті өтті. Мамандар алдарына қойған міндеттерін мінсіз атқарды. Осылайша, оқыс оқиға кезінде бірлесе жұмыс істеуі керек бірнеше қызмет түрлері өзара іс-әрекеттерін тағы бір пысықтап алды. Бүгінгідей жалын тек жаттығуда ғана болсын.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу