Күн қашан жылынады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күн қашан жылынады?

28.05.2018

Еккені де, еңбегі де еш кетті. Саяжайды сыз басты, қылтиып өсіп келе жатқан өсімдіктің бәрін мұз шалды. Бұл Астанадан 60 шақырым жердегі көрініс.

Бізді қыс қимай тұр. Мезгілдің кезегінде мерзім жоқ сияқты. Расында да, солтүстік көктемді, көктем солтүстікті ұмытқандай.

Ал, Зерендіде жаз бен қыс күресіп жатыр. Ағаштың бұталарында жапырақ та, қар да бар. Мұнда демаламын деп келсеңіз, жеңіл киіммен қоса тонды да қыстыра салыңыз. Ертең не боларын кім білсін...

Кеше Арқалықтың да ақ таңы ақ ұлпаға оранды. Көкөніс аламын деп қамданған жұрт қар тепкілеп қалды. Күнтізбеге қарасаң, «үш күннен кейін жаз», - дейді.

Басқаның еккені екі қарыс өспей жатып мұзға айналып  жатса, оңтүстіктегі жетісайлық жұрт , шіркін, мұздай қарбыз жеп отыр. Құдды әлемнің екі шетіндегі көрініс сияқты. Бірақ, бұл - бір Қазақстан. Табиғат тылсым ғой. Алайда, мұндай өзгеріске не себеп? Пікірлер әрқилы.

Ардақ Калменова, «Қазгидромет» РМК басқарма басшысы:

- Екі күн жылы, екі күн салқын. Ауа райы еліміздің басым бөлігінде осындай болады. Себебі, жоғарыдағы синоптикалық процестер өте тез ауысуда. Ал, тұрақты ауа райы елімізде 5-ші маусымнан кейін ғана болады.

Сондай-ақ, мамандар алдағы күндері солтүстік пен шығыста «жаңбырдың соңы қарға ұласып, тағы да  салқын мен сыз салтанат құрады», - дейді. Ауа райының қолайсыздығы 5-ші маусымға дейін ұласады екен. Әйтеуір «жазда шананы сүйремей, сайласақ» болар...

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу