Бір жыл бұрын жөнделген жол қайта жарамсыз болып қалды. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының тұрғындарына қарға адым жердегі қалаға жету мұң болды. Әсіресе, «аяқасты сырқаттанған жандарды аудан орталығына жеткізу тіпті қиын», - дейді тұрғындар.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Қарқаралыдан Егіндібұлақ елді мекеніне қатынайтын тас жолдың жалпы ұзындығы 90 шақырым. Жөнделгеніне жыл толған жоқ міне, ой-шұңқыры шығып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, жақын маңдағы өндіріс орнынан жүк көліктері көптеп қатынайтын көрінеді. Соның салдарынан жолды жөндеуге жұмсалған қаражат желге ұшқан.
Қайыржан Баймағанбетов Егіндібұлақ маңындағы Ақтасты ауылының тұрғыны. Осы жолмен жиі қатынайды. Бұрын Ақтастыдан Қарқаралыға дейінгі 150 шақырымды 1,5 сағатта жүріп өтетін. Қазір жолдың ой-шұқыры көп болғандықтан әупірімдеп 4 сағатта зорға жетеді.
Қайыржан Баймағанбетов, Ақтасты ауылының тұрғыны:
- «Алтай полиметалл» деген өндіріс орнының камаздары жолымызды құртты. Жүруге мүмкіндік жоқ. Ауырған адамдарды, жүректен қысылып қалса, ондай жағдайларда тез жеткізуге мүмкіндік жоқ.
Жуықта облыс орталығынан арнайы мобильді көліктік бақылау бекетінің мамандары келді. Олар Егіндібұлақтан әрі орналасқан Шарықты елді мекеніндегі өндіріс орнынан қатынайтын көліктерді тексеруде. Себебі, кен тасу үшін тендерді жеңіп алған компания келісімшарттағы талаптарды орындамай, жүкті шамадан тыс тиеген.
Халел Мақсұтов, Қарқаралы ауданының әкімі:
- 8 тоннаның орнынан әрбір осьқа 15 тоннадан, сонда бір Шансиманға шамамен 30-33 тоннаға дейін тиеп алып, жолдың барлығын көктемде құртқаны сол. Облыстан транспорттық инспекцияның мамандары келді. Инспекцияның машинасы тұр. Бірақ, облыс бойынша мұндай машина біреу ғана.
Биыл Қарқаралы мен Егіндібұлақ арасын жалғайтын тас жолды қайта қалыпқа келтіруге 700 миллион теңгедей қаражат бөлінді. Бұған қоса, 48 миллион теңгеге жол бойындағы 15 суағар ауыстырылады. Қазір бұл жұмыстар басталып та кетті.
Сәулет Әбдікәрімов, Егіндібұлақ ауылының тұрғыны:
- Жолымызды міне қазір жөндейді. Содан кейін қайта жүреді. Он күннің ішінде қайта быт-шытын шығарады. Сонда қыруар ақша далаға кетеді деген сөз. Жолымызды осы беті сақтап қалсын. ТОО «Алтай полиметалл» өз жолдарын өздері шешсін. Бұл руда таситын жол емес.
Мобильді көліктік бақылау бекеті Егіндібұлақта тек мамыр айының соңына дейін болады. Ары қарай жолдың күйін жергілікті билік қадағалай алады дегенге тұрғындар сенімсіз қарайды.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ