Басты Жаңалықтар Ташкенттегі Марказий ауылындағы тұрғындардың 95 пайызы қазақтар

Ташкенттегі Марказий ауылындағы тұрғындардың 95 пайызы қазақтар

Өзіміз білетін Өзбекстан. Қабырғалас жатқан көршіміз, түбі бір түркіден тараған тете бауырымыз. Тамыры ортақ болғанмен, өңі өзгеше, түбі бір болғанмен, тілі сәл өзгеше. Сол өзбекті өзім деп сыйлап, көрші ел аймағында берекелі өмір сүріп жатқан 1 миллионнан астам қазақ бар.

Бұл - Ташкенттен 50 шақырым жерде орналасқан Жоғарғы Шыршық ауданының Марказий ауылы. Мұнда 3 мыңнан астам халық тұрады. Оның  95 пайызы қазақ.

Ғазизбек Сұлтанов та осы ауылда ержетті. Бүгінде қос баланың әкесі, берекелі шаңырақтың отағасы. Дүниеге келгелі бері қазақ тілінде сөйлеп, қазақ мектебінде оқып, қазақтармен араласып жүрген ол «өзге мемлекетте тұрып жатқанымыз білінбейді», - дейді. Бұл елде Ғазизбек сияқты 1 миллионнан астам қазақ тұрады.

Ғазизбек Сұлтанов, Марказий ауылының тұрғыны:

- Балаларымыз қазақ мектебіне барады. Осы төңіректің бәрінде қазақ мектептері бар. Білімдері жақсы. Ташкенттен 20 минуттық жерде тұрамыз. Демалатын жерлер де жақсы. Өміріміз жақсы.

Ауыл тұрғындарының 60 пайызы жұмыспен қамтылған. Бірқатары бақша егіп, жеміс-жидек саудасымен де айналысады. Ауылдағы бизнестің ең танымал түрі - қымыз дайындап, оны қалаға апарып өткізу.

Жұмаділлә Сәрсенов, Марказий ауылының әкімі:

- Өзбекстанда болғанымызбен, Қазақстанда өмір сүріп жатқандаймыз. Барлық жағдай жасалған. Өзбекстан президентіне рахмет. Осындай ынтымаққа келісіп, қарым-қатынас күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Келешекте бұдан да жақсы өмір сүреміз деген үміттеміз. Халық бұл жерде Шыршық қаласындағы зауытта істейді.

Жалпы, әлемде ең көп қазақ диаспорасы Қытайда шоғырланса, келесі мекен - Өзбекстан. Бұл елде 400-ге жуық қазақ мектебі бар. Елдің төрт университетінде қазақ тілімен қоса, жеті тілде білім беріледі.

Серікбай Үсенов, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы:

- Жұмысымыздың өзі – осы қазақ тілін жоғалтпасақ. Соны жастарға жеткізе білсек. Әр мейрамда үлкен шаралар өткіземіз. Өзбекстанның Қазақстандағы жылына да үлкен бағдарлама жасадық.   

Мұндағы кейбір жастар мен аға буынның Қазақстанға қайту ынтасы бар. Арамызды мемлекеттік шекара бөліп тұрса да, олар атажұртты ешқашан ұмытпайды. Әрдайым аңсап, сағынып жүреді. Қазақ елінің жетістігіне шын қуанып, тілеуін тілеп отырады.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Бөлісу