Әулиеата өңірінде заңсыз балық аулау тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әулиеата өңірінде заңсыз балық аулау тыйылмай тұр

08.05.2018

Оңтүстік өңірде уылдырық шашу мерзімі басталғанына қарамастан заңсыз балық аулау тыйылмай тұр. Жыл басынан бері Жамбылда 104 браконьерлік жолмен балық аулау фактісі тіркелген. Қазір арнайы инспекция өкілдері балық ресурсын сақтап қалу үшін күн-түн демей күзетте жүр.

Гүлнұр Қайратқызы ,тілші:

- Біз қазір Жамбыл облысындағы ірі су айдындарының бірі Билікөл көлінде тұрмыз. Мұнда 15 сәуірден бастап балық аулауға қатаң тыйым салынған. Бүгін арнайы инспекция өкілдерімен бірге жағалауды бір сүзіп шығатын боламыз.

Қазір балықшылар да бұрынғыдай демалыс үшін деп қармақ салып, балық аулауды қойған.  Көпшілігі Қытайдың зиянды ау-торларын жайып, тоқпен соғып, қап-қап балықты бірден қармап қалуды құп көреді. Уылдырық шашу кезеңі басталғалы өзен-көлдерден  70 шақырым тор тәркілеген. 

Болат Асамбеков, Аумақтық инспекцияның балық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қытай ау-торымен аулау бойынша 7 іс сотқа жолданды. Оның 4-еуі бойынша сот шешімі шығарылып, айыппұл салынды.   

Әулиеата өңірінде ірілі-ұсақты 115 су айдыны бар. Осы өзен-көлдерден рұқсатсыз балық аулайтындардың көбі – сырттан келетіндер. Ал, көл жағасындағы балықшылар сәуір бола сала қайығын жағаға қаңтарып қойған.

Василий Волкогон, балықшы:

- Көбею кезеңі екенін білеміз. Арнайы бригада барлық қайықты жағаға шығарып қойды. Енді көлге тек 1 маусымнан кейін шығамыз.

Көбею кезеңінде көлге қармақ салғандарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қытай торымен тұтылсаңыз, айыппұл көлемін сот белгілейді.  Бұл күні көл беті толқын болғандықтан біздің түсіру тобына браконьерлер кездескен жоқ. Ал, арнайы инспекция өкілдері 1 маусымға дейін көл жағасында кезекшілікті күшейтпек. 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ     

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.        

Хабарламаларға жазылу