Алматыда «Қызыл крест» пен «Қызыл жарты ай» қоғамының декларациясы қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Қызыл крест» пен «Қызыл жарты ай» қоғамының декларациясы қабылданды

03.05.2018

Алып шаһарда алғаш рет Орталық Азияда аталған қоғамдардың Х Еуропалық конференциясы өтті. Алқалы жиында әлемнің 54 елінен келген сарапшылар қатысты. Олар Алматы декларациясының дүниежүзіндегі гуманитарлық дағдарыстарды жеңуге үлес қосатынына сенімді.

Халықаралық жиынды ашқан қала әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып берді. Онда ұйымның заманауи өткір проблемаларды шешудегі, әскери шиеленістер мен табиғи апаттар кезінде зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетудегі ерекше рөлі атап көрсетілген.

Сондай-ақ, әлемдегі түйткілді мәселелерді шешуге қатысты Қазақстанның ұстанымы жайлы айтылған.

Бауыржан Байбек  қала әкімі:

- Бүгінгі таңда Қазақстан - Таулы Қарабах пен Тәжікстаннан бастап Иран мен Сирияға дейінгі түйткілді мәселелер мен даулы кикілжіңдерді шешу мәселесінде медиатор ретінде танылған еуразиялық бірден-бір мемлекет. Соңғы жылдардың өзінде Ислам конференциясы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымдарына табысты төрағалық етті. Еліміздің гуманитарлық көмек көрсетудегі рөлі жыл сайын артып келеді.

Сөз барысында шаһар басшысы Алматының іскерлік келіссөздер мен халықаралық бизнес-кездесулердің басқосу алаңына айналғандығын айтты. Ал, «Қызыл крест» пен «Қызыл жарты ай» халықаралық федерациясының президенті Франческо Рокка Алматы декларациясының алдағы төрт жылда ұйым үшін басшылыққа алатын басты құжаттардың біріне айналатындығын жеткізді. Соңғы рет мұндай декларация 2014 жылы Италияның Флоренция қаласында қабылданған.

Франческо Рокка, «Қызыл крест» пен «Қызыл жарты ай» халықаралық федерациясының президенті:  

- 17 миллионнан астам еріктінің жұмысы арқасында біз әлемдегі ірі гуманитарлық жүйе болып отырмыз. Дегенмен, біздің бастамаларымыздың жемісті болуы жергілікті өңірлердің жұмысы мен сапасына тікелей байланысты. Біздің ұйымның жұмысын жоғары бағалаған Қазақстанға ерекше алғыс білдіреміз.

Жиын соңында ұйым мүшелері алдағы уақытта атқаратын істерді жоспарлап, пысықтады. Мәселен, осы күзде Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп федерацияның «Өңірлік хабы» ашылмақ. Онда 20-ға жуық халықаралық ұйым мен агенттік жұмыс істейді. Ал, жазда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Алматы декларациясының 40 жылдығына және Еуропадағы «Салауатты қалалар» желісінің 30 жылдығына арналған конференциялар өтпекші. 

Амангелді СЕЙІТХАН

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу