Астанадағы «Көктал» шағын ауданының көшелерін су басты
Жаңбыр жауса, Астананың көп көшелері көлдей болады. Әсіресе, қазір жауын жиілетіп тұр. Су мен сызды кешіп, батпақ басып, әбден қозғалыс қиындады. Тұрғындар осылай деп, наразылығын білдіріп, арнамызға хабарласуда. Бұл мәселені тілшіміз зерттеп, қала көшелерін қарап қайтты.
Бала жолды кесіп өте алмады. Өйткені, тас жолды салқын су басқан. Астананың көп жерінде осындай көрініс.
Бұл өзеннің жағасы емес, қаланың іші. «Көктал» шағын ауданы. Жаңадан салынған жолдың бетіне тобықтан келер су толған. Не ары, не бері жүру мүмкін емес.
Кей жерлерде су тізеге дейін жетеді. Жаяу кешіп өту мүмкін емес. Ірі көліктер ғана еңсеретін сулы да, сүрлеулі жол. Ал, тұрғындар «мұндай жағдайға әбден үйреніп кеттік», - дейді.
Сағыныш Серікқызы, қала тұрғыны:
- Мен «Көкталдың» тұрғынымын. Бұл процесс жыл 12 ай болады. Жасыратын түгі жоқ.
Ал, Астана көшелерінің тазалығына жауапты ұйым «қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз», дейді.
Алтын Нұржумина, «Тазалық» ЖШС баспасөз қызметкері:
- Жаңбыр көп жаууда. Мамыр айы да жауын-шашынды болады екен. Дегенмен, күн сайын 100-ге жуық техника суды тазартуға шығып жатыр. Су сорғышы бар он трактор да жүр. Қол жұмысына 250 адам жұмылдырылған. Біз қазір қаланы судан тазартуға барынша күш салудамыз.
Ал, синоптиктердің болжамы астаналықтарды қуантпайды. Алдағы апталар да жауын түгілі, бұршақ жаууы да ықтимал.
Жұлдыз Исабекова, «Қазгидромет» РМК жетекші инженер-синоптигі:
- Алдағы үш күнде циклон әсерінен жаңбыр, бұршақ жаууы мүмкін.
Астананың тазалығын сақтайтын серіктестік «аса үлкен проблема жоқ», дейді. Көшелердегі суды тазартуға бар күшімізді салып жатырмыз деп екпін түсірді. Демек, жаңбыр өздігінен тоқтамайынша, Астананың су басқан жолдарында қағаз қайық «қалықтай» бермек.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
