Астаналық тұрғындар мемлекет тарапынан тегін берілуі тиіс дәрілерді ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық тұрғындар мемлекет тарапынан тегін берілуі тиіс дәрілерді ала алмай жүр

26.04.2018

Арнамызға астаналық тұрғындар хабарласып, мемлекет тарапынан тегін берілуі тиіс дәрілерді ала алмай жүргендерін айтты. «Миастения» диагнозына шалдыққан науқастар үшін аса қажетті бірнеше дәрі қолға тимей отырған көрінеді. Тұрғындар емханаларға барса, ондағылар дәрінің әлі келмегенін, министрліктің бермегенін айтып ақталады екен. Ал, ауыр дертке шалдыққан жандардың күн өткен сайын жағдайлары нашарлап барады.

Орынтай Кәпенова үшін «Октагам» ауамен тең. Себебі, ол дәрісіз дәрменсіз. «Миастения» деген дертке шалдыққан. Бұл – иммундық бұлшықет ауруы. Яғни, күш сарқылып, әл құриды. Дауасы жоқ дерт. Бірақ, дәрімен күш-қуатын сақтап тұруға болады. Ол дәрінің аты -  «Октагам». Бұған дейін мемлекет тарапынан науқастарға тегін берілетін. Бірақ, биыл алынып тасталыпты.

Орынтай Кәпенова, ІІ топтағы мүгедек:

Октагам» күшті көтеретін. Былай отырмайтынмын. Ең көп дегенде он күн жатамын. 5 күн емдейді, 5 күн бақылайды. Шауып кететінмін.

Қазір «Октагамсыз» Орынтай апамыздың халі нашар. Тіпті, тілі күрмеліп, зорға сөйлейді. Жалғыз ол емес, Астанада осындай індеттің ілмегіне ілінген адамдар 100-ге жуық. Олардың барлығы ем таппай еңіреп, емханаларға елеңдеп отыр. Бірақ, дәрі әлі жоқ.

Фатима Смағұлова, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

-Министрдің қаулысындағы тегін берілетін дәрілер тізімінен «Октагам» алынып тасталған. Себебі, «миастения» ауруын емдеуде «Октагам» дәрісі стационарлық деңгейде ғана қарастырылған. Ал, амбулаториялық тұрғыда ол қолданылмайды. Сол себепті, амбулаториялық науқастарға бұл дәрі берілмей отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі «Миастения» дертіне шалдыққан науқастарға «Октагаммен» қатар, «Калимин» дәрісін беретін. Бірақ, оның өзі қаңтар айынан бастап науқастардың қолына тимепті. Жауапты басқармалар «Калимин» тегін берілетін дәрілердің қатарынан алынып тасталған жоқ, тек сатып алу-жеткізу процесі белгілі бір себептермен созылып кетті. Тек, осы айдың басынан бері емханаларға таратылып жатыр», - дейді. Бірақ, науқастар зорға алатын «Калиминнің» өзі көмегі мен күші аз дәрі. Оларға тек «Октагам» керек. Өздері сатып алайын десе, екі рет ем алуға 3 млн. теңге кетеді екен. Демек, денсаулығы дәріге байланған науқастардың жалғыз үміті Денсаулық сақтау министрлігінде болып тұр. Дәрі дейтін демді беретін де, алатын да солар.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу