Алматыда «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі ашылды

19.04.2018

Алматыда «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі ашылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің базасында құрылған орталық бүгіннен бастап, жұмысқа кірісті. Енді барлық білім беру мекемесінің ұжымына жемқорлықтан таза қоғам идеясын ұқтырып, біріктіру қажет. Сондықтан, бұл жобаның берері мол. 

Жастарды жақсылыққа тәрбиелеп, халыққа адал қызмет етулері үшін «Саналы ұрпақ» қанатқақты жобасы іске асты. Бұл жұмыс жарты жыл бұрын жоспарланған еді. Алты айдың ішінде осы бағдарлама егжей-тегжей талданып, ұтымды ұсыныстармен толықты.

Қарлығаш Үсейінова, «Саналы ұрпақ» жобасының үйлестірушісі:

- Жоба арқылы білім беру сапасын күшейтіп, академиялық оқу үдерісінің әділдігін арттырсақ дейміз. Сондай-ақ, осы сала өкілдерінің кіршіксіз қызмет атқаруына тікелей әсер ету - аса маңызды. Әрі білім саласына жемқорлықпен күресетін жаңа технологиялар енгізіледі. Кеңсе ғылым-білім беру жүйесі класстеріне сай жұмыс істейді.

Қоғамның жегі құртына айналған жемқорлықпен күресте білім саласының өкілдері үлес қосады. Оған мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, орта мектеп, колледждер мен университеттердің басшылары мүше болады. Сондықтан, Алматының тәжірибесі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы агенттік жұмысының қуатты плацдармы болмақ.

«Өзгерісті өзіңнен баста». Осы қағидадан басталған жоба «Саналы ұрпақ - жарқын болашақ» атты республикалық форум аясында кеңінен талқыланды. Спикерлердің сөзінше, алдағы уақытта жоба шеңберінде жемқорлықпен күреске бағытталған жаңа мамандандырылған колледждер мен мектептер құрылады.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресуден бұрын оның жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру көзделген болса, бүгін ашылған «Саналы ұрпақ» орталығы білім беру мекемелерінде жемқорлықты жоюға ықпал етпек.

Қала басшысының сөзінше, аталған кеңсе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте осы заманның озық технологияларымен жабдықталған. Оған қоса, бұл алаңда жаңа тәсілдер қолданылады. Қазір агенттік өкілдері оис қызметкерлерін жобаларды басқару негіздеріне сай оқытып жатыр.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу