Мәжіліс 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 425 млрд. теңгеге ұлғайып, 9,6 трлн. теңгеге бағаланды. Ал. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн. тоннаға жетеді.
Қоңыраулы дүниеде қоңырқай тірлік кешіп жатқан Нұрсәуле Қартабаеваның қоржынына ай сайын көп қаражат түспейді. Оның бәрін бірдей қолына алмайды, салық төлейді. Заманның қалпы, базардың нарқы өзгеріп жатыр, сондықтан да, төмен жалақы алатындардың салық жүктемесі азаятыны оған үлкен көмек болмақ.
Нұрсәуле Қартабаева:
- Ең төменгі жалақы алатын кісілердің салық төлемін 10 есеге азайту туралы естідім. Менің айлығым 50 мың теңге, енді мен 1 пайыз төлеймін. Оған өте қуаныштымын.
Президент қашан да әлеуметтің әлеуетін арттыруға баса көңіл бөліп келеді. Бұл жасалып жатқан игілік соның дәлелі. Ал, депутаттар жергілікті бюджет шығыстарын республикалық бюджет өтей ме, осы жайын сұрады.
Бұл өзгерістер Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауларын, сондай-ақ, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға бағытталып отыр.
Бүгінгі түзетулерге қатысты қосымша қаражат тағы да келесідегідей бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бөлінбек. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтауға - 100,6 млрд. теңге, Білім және ғылым министрлігіне - мұғалімдердің педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақы төлеуге - 112,4 млрд. теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігіне - 39,5 млрд. теңге, Ұлттық экономика министрлігіне – жаңа микрокәсіпорындар құру және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне микрокредиттер беруге 12,4 млрд. теңге бөлінеді. Ал денсаулық сақтау министрлігіне 4,3 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр.
2018 жылы қаңтар-наурызда экономиканың өсімі - 4,1 пайыз. Биыл мұнайдың болжамды бағасы барреліне 45 АҚШ долларынан 55 долларына дейін ұлғайды. Инфляция бекітілген 5-7 пайыз дәлізінде сақталады. Ұлттық қорға түсімдер болжам бойынша 546 млрд. теңгеге ұлғаяды.
Индира Бегайдар, тілші:
- Жалпы, Қазақстанға инвестицияларды тарту бойынша 2018 жылы бюджеттен 4,4 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр. Жобаны айқындау кезінде тағы 1,1 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Яғни, аталған бағытта биыл 5,5 млрд. теңге жұмсалмақ. Шетелден инвестицияларды тарту бағытында Қытай, Түркия, Франция, Германия мен АҚШ-та бес өкілдік жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Енді алдағы уақытта компания Нью-Йорк пен Лондонда, БАӘ-де тағы үш өкілдік ашу жоспарлап отыр.
Индира БЕГАЙДАР