Қазақстандықтардың қоқыс тастау этикасы неге қалыптаспаған? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтардың қоқыс тастау этикасы неге қалыптаспаған?

16.04.2018

Күн жылынды. Қар кетті. Бірақ, көпшілікті қынжылтатыны сол, қоқыс қалдықтарынан көз сүрінеді. Жылда солай. Алысқа бармай-ақ, алып шаһар Астананың өзінде ақ мамықтың астында ала қыстай жиналған қалың қалдықтан арылу мүмкін емес. Бұл өзге емес, өзіміздің мәдениетсіздігімізден. Ал оның машақаты тиынын тірнектеп жиған көше тазалаушыларға тиеді. Бұған қарап, қазақстандықтардың қоқыс тастау этикасы әлі де қалыптаса қоймаған ба дерсіз.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Сырты бүтін, іші түтін деген жерлер жетерлік. Әсіресе, өздерінің аулаларын қоқыс алаңына айналдырып жатқандар көп. Қаланы таза ұстау арнайы қызметкерлердің ғана міндеті деп түсінетіндер де бар. Бірақ, әр тұрғын айналасына аяушылықпен қараса нұр үстіне нұр. Мәселен, швециялықтар «Плоггинг» деген жаңа тренд шығарды. Бұл спорт түрі өзіңізге де, өзгеге де пайдалы. Сонда бұл қалай? Нәтиже бере ме? Тексеріп көрейік.

Бұл үшін бізге спорт киімі, қапшық және бастысы, ниет керек. Жүгіріп жүріп, жолыңызда кездескен қоқысты жинай бересіз.

Қазіргі уақытта «Плоггинг» Еуропа елдерінде кеңінен таралған. Әлеуметтік желілерде жасаған еңбегін осы «Плоггинг» хэштегі арқылы жариялап жатқандардың санында шек жоқ. Жалпы, оларда қоқыс тастау мәдениеті қатты дамыған. Қажетсіз заттарды сұрпына қарай әр түрлі жәшікке тастайды. Мәселен, пластикті бөлек, қағазды бөлек, тағысын-тағы. Бұл болашақта қайта өңдеу жұмыстарына үлкен көмек. Ал, Оңтүстік Кореяда тіпті қызық. Көшесінде қоқыс жәшігін таппайсыз. Ал, қоқыс шашсаңыз, 300 мың вон, яғни, 100 мың теңгеге жуық айыппұл төлейсіз. Тіпті, ішкен суының құтысын олар өздерімен бірге алып, үйлеріне дейін апарып, арнайы орынға бірақ тастайды.

- Өкінішке қарай, қаланың әр жерінде тау болып үйіліп жатқан қоқысты, қолқаны қабатындай сасып жатқан жерлерді де кездестіріп жатамыз. Бұл жағдайда қоқыс тастау мәдениетінің жоқтығын анық көреміз. Тұрғындардан, яғни, сіздерден керегі, өздеріңізден қалған керексіз затты арнайы жерге тастасаңыз, қаланың тазалығына қаншама көмек. Ал, дәл мен сияқты «Плоггингпен» шұғылданамын десеңіз, тіпті, тамаша.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу