ОҚО-дағы картон зауыты шикізат тапшылығынан өндірісті тежеуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-дағы картон зауыты шикізат тапшылығынан өндірісті тежеуге мәжбүр

16.04.2018

Оңтүстік Қазақстан облысындағы картон қағазын шығаратын зауыт шикізат тапшылығынан өндірісті тежеуге мәжбүр. Өйткені, қағаз қалдықтары Өзбекстан арқылы шетелдерге үздіксіз жіберіліп жатыр. Көршілес елде сұраныстың ұлғаюынан бүгінде макулатура бағасы екі есеге дейін өсіп кеткен. Осыған байланысты зауыт басшылығы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына шикізаттың осы түрін шетелге шығаруды қатаң бақылауға алу туралы ұсыныс жолдады.

Іске қосылғалы бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан зауыттағы өндірістік процесс енді бірер күнде тығырыққа тірелгелі тұр. Күн санап шикізат қоры азайып барады. Зауыт толық қуатымен жұмыс істеуі үшін айына 400 тоннадай өнім қажет. Ал, кәсіпорынға қағаз қалдықтарын жеткізіп беріп жүрген кәсіпкерлер болса, кейінгі кездері бар тапқанын шекара асырып жатыр. 

Сәкен Ташназаров, зауыт директорының орынбасары:

- Қымбат бағада шығып жатыр. Былтыр 30 теңгеден алғанбыз. Қазір 35-40-қа көтеруге мәжбүрміз. Шетке шығып жатқандар одан да қымбат, 55-60 теңге алады.

Қазір зауытқа бұрынғыдай таза қағаз қалдықтарын әкеліп жатқандар бірен-саран. Өндіріс орнына негізінен шикізат дайындап беріп отырған өңірдегі қоқыс өңдеу кәсіпорны. Оның өзі жеткіліксіз. Әрі келіп жатқан заттар терең өңдеуді қажет етеді. 

Сағи Байділлаев, зауыт жұмысшысы:

- Неғұрлым таза қағаз келсе, өнім соғұрлым жақсы шығады. Егер сапасы нашар болса, шығын көбейіп, 30 пайызға дейін кем өнім аламыз.

Мәселен, қағаз қалдықтары бірнеше түрге бөлінеді. Зауыт пайдаланып отырған шикізат түрін еліміздің заңы бойынша шетке сатуға болмайды. Дегенмен, амалын тапқан  кәсіпкерлер оны рұқсат етілген өзге сортпен рәсімдеп, кеденнен кедергісіз өткізуде. Осындай жолмен 2016 жылы Өзбекстанға 785 тонна, былтыр одан үш есе артық шикізат жөнелтілген. Зауыт басшылығының шағымынан соң енді бұл іске кәсіпкерлер палатасы араласты.

Бауыржан Бердалиев, облыстық  Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Енді мұны дөңгелек үстелдер, қосымша іс-шаралар  өткізіп, қадамдық шаралар бекіту арқылы қатаң бақылауға алатын боламыз.

Оңтүстікте биыл картон қаптамаларына қажетті қағаз шығаратын екінші зауыт іске қосылмақ. Ол да жылына 4 мың тонна өнім өндіретін қуаттылыққа ие.  Демек, қағаз қалдықтарына сұраныс тағы екі есеге артпақ. Сондықтан, құзырлы орындар алдында бұл мәселені тездетіп шешу міндеті тұр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу