Осыдан тура 57 жыл бұрын адамзат баласы алғаш рет космосқа ұшқан еді. Бұл тарихи оқиға қазақ жерінен басталды. Содан бергі уақытта ғарышта 550-ден аса адам болған екен. Солардың ішінде қазақтың батырлары - Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов те бар. Жалпы, Жер орбитасында мыңнан аса спутник айналып жүр. Олардың барлығы ғарышты зерттеп, ғылымның дамуына ықпал етуде.
Маржан Бекбаланова «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алған. Қазір астрономия саласын зерттеп жүрген жас ғалымдардың бірі. «МКИД детектор» деп аталатын құрылғының жобасын өзі әзірлеген және оның көмегімен аспан денелерінде болатын жарылыстарды зерттемек.
Жастардың ғарыш ғылымына бағыт алуына – «Байқоңыр» ғарыш алаңы да тікелей сеп. Мәселен, Ресейде «Ангара» атты жаңа ракета-тасушы жасалды. Ол өте ауыр жүктерді көтеруге қауқарлы. Ал, оны жүзеге асыратын тиімді нүкте - «Байқоңыр».
Тоқтар Әубәкіров, Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы:
- «Ангара» ракета-тасушысы бізге әкелінсе, «Байқоңырдың» жаңа даму кезеңі туады. Өте көп мамандар қажет болады. Сол кезде елдің жас ғалымдары мен инженерлері жұмылдырылады. Өйткені, біздің мамандар қазір өте білімді, басқа елдермен тең дәрежеде.
Отандық жер серіктерін ұшыру арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берілді. Мысалы, «ҚазСат-2» және «ҚазСат-3» аппараттары ұшырылғалы бері мемлекеттік және қаржылық ұйымдар тарапынан түрлі тапсырыстар көбейген. Айта кетейік, еліміздің ғарыш саласы байланыс таратудан тыс жерді ғарыштан зондтайтын жүйесі бар әлеуетке ие болды. Мұндай жетістікті көршілер, тіпті жаһанның көптеген мемлекеті армандап отыр. Мысалы, біздің «ҚазГеоСат-1» және «ҚазГеоСат-2» деп аталатын аппараттардың көмегімен жауын-шашын, зіл-заланы алдын ала анықтауға және көктемгі егіс науқанын болжап, жер үстінен түрлі суреттер алуға болады. Оған қоса ғарыштық навигация жүйесі тағы бар.
Ресми деректерге қарағанда, Қазақстан алдағы уақытта «ҚазСат-2R» деп аталатын жаңа жасанды жер серігін жасауды жоспарлауда. Бұған дейінгі аппараттар шетелдік компаниялардың көмегімен жасалса, ендігісін өз күшімізбен өндіру күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Қазіргі уақытта елордадан етене жерде ғарыш аппараттарын өндіретін заманауи зауыттың құрылысы іске асуда. Осылайша, біздің ел ғарыштық әлеуеті мықты санаулы мемлекеттердің сапында тұр.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ