Санаулы күндерден кейін Алматы айналма жолының құрылысы басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санаулы күндерден кейін Алматы айналма жолының құрылысы басталады

10.04.2018

Мемлекеттік жекеменшік әдіспен салынып жатқан ең ір жобаға түрік және корей инвесторлары атсалысуда. Жоба құны 180 миллиард теңге.  Бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыту мәселесі сөз болды. Бұл тақырып соңғы бірнеше жылда күн тәртібінен түспей келеді. Себебі, экономиканы әртараптандырып, бюджетке салмақты азайтудың ең тиімді тәсілі осы болып отыр. Үкімет басшысы бұл жұмысты жоспардағыдай жүзеге асыра алмай отырған облыстарды да атады.

Мемлекеттік жекеменшік әдісін енгізуге қажетті құқықтық база мен тиісті бағдарламалар бар. Қазір бұл әдіспен түрлі салада 200-ден астам келісімшарт тіркелсе, 140-ы іске қосылған. Бұл жұмыста Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары белсенділік танытса,  Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Атырау облыстарының көрсеткіші төмен. Үкімет басшысы артта қалған әкімдіктердің есебін тыңдады.

Ал, осы әдіспен жүзеге асатын ең ірі жоба - Алматы айналма жолы. Талай жыл талқыланған жобаға корей және түрік инвесторлары кірді. 66 шақырымдық, 6 жолақты жол 2021 жылы пайдалануға беріледі.

Мемлекеттік жекеменшік әріптестік әдісі әсіресе, әлеуметтік салада көп қолданылады. Яғни, бюджеттік шығындарды азайтуға көп мүмкіндік береді. Сондықтан да Үкімет басшысы бұл мәселені үнемі назарда ұстауды тапсырды.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу