«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолы қайта жөнделеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолы қайта жөнделеді

09.04.2018

Биыл республикалық маңызға ие «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолы қайта жөнделеді.  Магистраль құрылысы оңтайлы іске асса, жолаушылар уақытын екі есе үнемдейді.

Бөгенбай Дүйсенбаев бұл жолмен жиі қатынайды.Көршілес Ресейден азық-түлік тасымалдайды. Жол азабын жүрген біледі, тізгіндеген темір тұлпаржиі бұзылады, себеп - ойдым-ойдым жол көлікті де тез тоздырады.

Бөгенбай Дүйсенбаев, тұрғын:

- Астраханнан бері қарай осы. Жүру мүмкін емес. Мына жолда. Жол шұрық-тесік. Қазір осы екі дөңгелек жарылып, ауыстырып келе жатырмын.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жол толық жаңартылса,  жолаушы уақытын үнемдеп, сауда-саттық айналымы арта түспек.  

Жолаушылардың наразылығын тудырған Атырау-Астрахань тас жолымен біз де ілбіп басып келеміз. Егер тақтайдай тегіс жол болғанда Ресеймен шекараға дейінгі 277 шақырымды қалыпты жылдамдықпен 3 сағатта еңсеруге болады. Ал, мына ойық шұңқырлы тас жолмен жеңіл көліктің өзіне 5-6 сағат жүруге тура келеді.

Жол құрылысын халықаралық қаржы институттары қаржыландырмақ. Қазір қажетті құжаттар рәсімделуде. 

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың соңғы берген ақпаратына сәйкес, менің атыма жіберген. Аталған мәселе қазіргі кезде соңғы кезеңінде. Министрдің айтуы бойынша аталған жолға керек қаражатты алу мақсатындағы келісімшартқа үстіміздегі жылдың сәуір айының ішінде қол қойылады деген болжам бар.

Жол сапасы халықаралық талаптарға сай болмақ. Құрылыс кезінде көлік қатынасы үшін уақытша жол салынады.   

Дәурен  Ерғалиев, «ҚазАвтоЖол» АҚ Ұлттық компаниясы Атырау облыстық филиалының директоры:

- Ені бүгінгі күнде 7-8 метр кейбір жерлерде. Сол 9 метрге ұзарады. Бүкіл жол бұрынғы жолдың үстімен түседі. Тек, Аққыстау кентінің тұсында айналма жол болады деп көзделіп жатыр. 

Жоспар бойынша барлық елді мекендердің тұстарына мал өтетін өткелдер, автобус аялдамалары, жол бойына демалыс алаңдары салынбақ. Ал, қайта жаңарту жұмыстары 2021 жылы аяқталады.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу