Лифттегі қауіпсіздікке кім жауапты? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лифттегі қауіпсіздікке кім жауапты?

05.04.2018

Жеделсатылардың қайта-қайта құлап, тұрғындардың жарақат алатын жағдайлар жиілеп кетті. Тілшіміз Фариза Мұсақызы лифтілердің қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөлінетінін біліп келді.

Таяуда Астанадағы «Гранд Астана Элит» тұрғын үйінде жеделсаты төменге қарай құлап, жертөледен бір-ақ шыққан еді. Сол кезде лифт ішінде Жанар да болды. Абырой болғанда, адамдар аман қалды. Тек, содан бері бойын қорқыныш билеп, лифтіге мінуге жүрексініп қалған.

Жанар Шуланова, қала тұрғыны:

- Тек өзіміз түсіреміз, өзіміз бірге көтерілеміз. Балаларды лифтке жалғыз кіргізбейміз. Өйткені, қорқынышты.

Оқыстан болатын осындай оқиғаларды алдын ала болжау қиын. Бірақ, себептерін анықтап көрдік. Ең алдымен, темірдің ақауын тексеретін қызмет көрсету компанияларының көбінде лицензия жоқ. Астана бойынша ондай 50 шақты ұйым тіркелген. Талап бойынша, олар жеделсатыны ай сайын тексеріп, майлап тұруы қажет. Бірақ, кейбір үйлерде ондай шаралар жылдар бойы жүргізілмейді. Салдарынан лифтілер сынады. Әдетте  жеделсаты компанияларын пәтер иелері кооперативі таңдайды. Бірақ, олар көбінде құны арзан, тәжірибесі жоқ ұйымдармен келісімшарт бекітеді. Ал, қатаң талап болмағаннан кейін кез келген адам компания құрып, арзан қызмет көрсетуді табыс көзіне айналдырып алды.

Азамат Әміржанов, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- Лифттің жұмысын қарайтын компанияны пәтер иелері кооперативі тұрғындардың құптауымен таңдау қажет. Мәселен, бүгінде елордалық тұрғындардан  жеделсатыға қатысты 14 өтініш келіп түсті. Барлығы апатты жағдайда.

Мәселенің екінші жағы бар. Талап бойынша жеделсатылар 25 жыл қызмет көрсетуі тиіс. Ал, еліміздегі кейбір лифтілерге 30-40 жылдан асып кеткен.  Ескі жеделсатыны жаңарту үшін қомақты қаржы керек.

Мысалы, 9 қабатты тұрғын үйдегі бір лифтіні алмастыру үшін шамамен 10 миллион теңге жұмсалады. Қала әкімдігі болса, былтыр 600 лифтті тексерген еді. Оның 96-сы алмастырылып, 23-і апаттық жағдайда деп танылды. 63-нің қолдану мерзімі асып кеткен. Жалпы, Астана тұрғын үйлерінде 5 мыңнан астам жеделсаты орнатылған.

Мәселенің мәніне тереңірек үңілу үшін лифт шығаратын зауытқа да барып қайттық. Бұл жерде өзіміздің жеделсатылар өндіріледі. Мамандардың сөзінше, лифтті құрастыру мен оны шығаруы компанияда еш қателік болмайды. Себебі, бүкіл әлемдік тәжірибе бірдей. Лифттер математикалық есеппен дәлділікті сақтай отырып жасалынады.

Жеделсаты мәселесінде жедел түрде шешетін мәселелер шаш етектен. Сондықтан, аталған салада қызмет көрсететін компанияларға қатаң талап қойылмаса, Жанар Шуланованың басынан өткен қауіпті оқиғалар әлі де көбейе бермек. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу