Атырауда лифттегі бала өліміне қатысты іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда лифттегі бала өліміне қатысты іс қозғалды

22.05.2018

Атырауда лифт шахтасына құлап, 15 жастағы қос бірдей жеткіншек қаза тапты. Қайғылы оқиғаға байланысты  қылмыстық іс қозғалды.  Жан түршігерлік жайт қаладағы «Алмагүл» ықшам ауданында болды. Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімдер үйдің 15-ші қабатында істен шыққан жүк таситын жеделсатыға кірген. Сол сәтте екеуі де шахтаға құлап кеткен.

6 жылдан бері істемей тұрған жеделсатыға жеткіншектердің қалайша кіргенін мамандар анықтайды. Жасөспірімдердің бірі оқиға орнында, ал екіншісі облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Бауыржан Ғаниұлы, Атырау облыстық ауруханасы директорының орынбасары:

-Бүкіл емдеу-диагностикалық шаралары өткізілді. Науқас жансақтау бөлімшесіне көтерілді. Бірақ, өкінішке орай, бір сағаттың ішінде науқас қайтыс болды.

5 жыл бұрын да дәл осы мөлтек ауданда лифті құлап, бір әйел адам қаза тапты. Міне, араға уақыт салып, қайғылы жағдай қайталанып отыр.

Бақтыгүл Қамашева, тұрғын:

- Біз екі күннің бірінде тұрып қаламыз. Қыстың күні 2 сағат тұрып қалғанымыз бар.

Ал, осы үйге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативінің басшысы бар жауапкершілік өзге мекемеде деп отыр.  

«Каспий Лифт» мекемесінің өкілі болса, істен шыққан жеделсатыға қатысымыз жоқ деп ат тонын ала қашты.  

Әділет Жақсылық,  лифт механигі:

- Қасындағы істеп тұрған лифтіге біз жауап береміз. Ал, істемей тұрған, оқиға болған лифтіге біздің ешқандай қатысымыз жоқ.

Жандос Темірғалиев, тілші:

-Біз дәл қазір көрші подъездеміз. Мұнда лифтілердің техникалық жағдайын көру мақсатында келдік. Мына лифтімен тұрғындар 16 қабатқа дейін көтеріледі. Қазіргі уақытта жұмыс жасап тұр. Ал, мына қосымша жүк тасуға арналған лифтіде мүлдем қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, есігін қолмен оңай ашып, жауып алуға болады. Егер жоғарыдан адам құлайтын болса, міндетті түрде қайғылы жағдай орын алатыны сөзсіз.

Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Апаттың қалай орын алғанын анықтау мақсатында әкімшілік жанынан  арнайы комиссия құрылды, жуық арада қаладағы барлық жеделсатылар жаппай тексерілмек. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу