Алматыдағы «MEGA» сауда ойын-сауық орталығында өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы «MEGA» сауда ойын-сауық орталығында өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті

27.03.2018

Таңғы сағат 10:30-да дабыл қағылып, қонақтар түгелдей сыртқа шығарылды. Ал, орталықтың басшылары мен өрт сөндіру қызметінің мамандары ғимараттың қауіпсіздік жүйесін тілшілерге таныстырып, олардың сұрақтарына жауап берді.

Оқу-жаттығу жиыны шынымен өрт оқиғасы болғандай тәртіпте өтті. Шартты түрде өрт тіркеліп, дабылқаққыштар мен хабарландыру жүйесі іске қосылды. Орталықтың 46 эвакуациялық есігі бір уақытта автоматты түрде ашылып, қонақтар сыртқа шығарылды. Жедел-жәрдем қызметінің жұмысы тексеріліп, өрт сөндірушілер тілсіз жаудың көзін жойды.

Сауда ойын-сауық орталығы өртті болдырмау мен эксплуатацияға дайын екенін дәлелдеді. Алайда, оқу-жаттығу барысында кейбір олқылықтар мәселен, төтенше жағдайды хабарлау бөлімінде кем-кетіктер анықталған.

«MEGA» еліміздегі адам көп жиналатын демалыс орындарының бірі. Сондықтан, өртке қарсы қауіпсіздікті күшейту үшін мұнда жеке бөлім ашылып, онда 70-ке жуық қызметкер жұмысқа алынған. Көлемі 1800 метр куб болатын екі су қоймасы мен  төрт өрт сөндіру машинасы бар. Ғимаратта өртке қарсы қорғаныс жүйесі, дабылқаққыш, түтінді жою, автоматты өрт сөндіру жүйесі де орналастырылған.

Нұрлан Смағұлов,  «Astana group» компаниясының президенті:

- Біздің орталыққа күніне 20-25 мың адам келеді. Сондықтан, жауапкершілік көп. Сол себепті, өртке қарсы жұмыс жүйесін үнемі тексеріп, жетілдіріп келеміз. Қауіпсіз эвакуация үшін «антипаника» жүйесі жұмыс істеп тұр. Жоғары қабаттардан адамдарды шығару үшін арнайы өрт сатылары қарастырылған.

Бүгін байқалған олқылықтардан кейін тілшілерге сұхбат берген орталық басшылығы келесі аптада қаладағы екінші «MEGA Park»-те де осындай жаттығу өткізетінін айтты. Бастысы, ендігі жиын бүгінгідей таңғы уақытта емес, адам көп жиналатын кешкі уақытта жасалмақ. Ал, қауіпсіздікті күшейту үшін жоспарлы тексеру жұмыстарын қазіргідей жылына бір рет қана емес, Төтенше жағдайлар департаменті қажет деп тапқан кез келген уақытта өткізу туралы меморандумға да қол қоймақ.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу