Наурыз мерекесінің беделі артып келеді

27.03.2018

«Наурыз – сан алуан ұлтты ұйыстырудың тиімді құралы». Мәскеуде осындай атаумен арнайы дөңгелек үстел өтті. Жиында ғалымдар мен Мәскеудегі түрлі диаспораның басшылары Наурыздың түп-тарихы мен мән-маңызы туралы ойларын ортаға салды. Мамандардың айтуынша, мыңдаған жылдар бойы тойланып келе жатқан бұл мереке ешбір ұлтқа да, кез келген конфессия өкілдеріне де жат емес. Себебі, ол барша адамзатты тек ізгілікке, жақсылыққа, жаңару мен өзгеруге шақырады. Осындай барша қауымға арналған терең пәлсапасының арқасында Наурыздың беделі мен тойлану ауқымы жыл санап кеңейіп келеді. Мәселен, Ресей астанасындағы ең алғаш рет Наурыз мерекесі 2004 жылы Мәскеудегі Ұлттар үйінде өткен. Бұл идеяның авторы – мәскеулік қандасымыз Гүлнара Исакова. 

Гүлнара Исакова, Мәскеудегі Ұлттар үйінің шығармашылық жанры бойынша маманы:

- Осы Наурызды өткізуге жақсы идея бергенмін. Біздің мынау үйімізге биыл 20 жыл болса, Наурызды өткізіп жатқанымызға  15 жыл болды.

Хуршеда Хамракулова, Мәскеудегі тәжік мәдени орталығының басшысы:

- Наурызды тойлайтын елдер ең алғаш ислам дінін қабылдай бастаған кезде, бұл мерекеге тыйым салғысы келгендер көп болды. Бірақ, соған қарамастан халық оны тойлауды доғарған жоқ. Неге?! Себебі, Наурыздың бүкіл өн бойында, мейірімділік, бірлік, бейбітшілік, береке сынды адамзаттың асыл құндылықтары жатыр.  

 Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу