Жетісулық ағайын Ұлыстың ұлы күнін атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісулық ағайын Ұлыстың ұлы күнін атап өтті

22.03.2018

Жаймашуақ ауа райы халыққа ерекше көңіл күй сыйлап, халықтың қуанышын еселей түскендей. Ел-жұрт тоқшылық тілеп, Наурыз көжені тойып ішіп, ән-би, жыр-күйден шашу шашты. Ұлттық спорт ойындарын ұлықтап, дәстүрлерді жаңғыртты.

Лабасы тауының баурайында көктемнің жаршысы бəйшешек гүлдеп, өрісінде мал жайылып, ауыл халқы Ұлыстың ұлы күнін тойлауда. Бұл жерде əн мен би, дəм мен сый да аста төк. Наурыздың басты мақсаты - елді біріктіру, ұлтты ұйыстыру. Жетісу жерінде мұның бəрі бар.

Қазандары бұрқырап қайнап, қыздары гүл жайнап, ұлық мерекені қарсы алған жұртқа әр киіз үйде Наурыз көже ұсынылды. Ал, тау етегіндегі ұлттық ойындардан халықтың делебесі қозып, тақымын қысқан ағайының айқайы жаңғыруда.

Бір жерде епті де білекті, иықты да жүректі жігіттер қошқар көтеріп, гір тасын лақтырып, мәре-сәре болса, енді бір жерде арқан тартып, балуандар белдесіп, бақ сынасты. Осыдан 30 жыл бұрын басталған ұлы той Лабасы баурайында бірнеше жылдан бері осылай ауқымды өтіп келеді. 

Бақыт Шеңгелбаев, Көксу ауданының тұрғыны:

- Ең алғашқыда көше-көше болып, ауыл-ауыл болып өткізетін. Содан кейін округ көлемінде өтті. Одан кейін аудан көлемінде өтетін болды. Қазір міне, кішігірім ауылдың өзінде 5 мыңнан астам қонақ.  Сондықтан да, Жаңа жылымыз биік тұғырдан көріне берсін.

Қыстан аман шыққан ауыл жұртының бұл тойда асыға күткені ат жарысы. Халық боп бәйге мен тай жарыс, аламан бәйгені көріп, көңіл тойдырды. Теңге ілу мен қыз қуу ойындары да өте қызықты өтті.

Мақсат Тұргүлденова, Талапты ауылының тұрғыны:

- Халықтың бірлігі, тірлігінің арқасында, азаматтарымыздың, еліміздің тыныштығының, бейбітшілігіміздің арқасында осындай ұлан-асыр той өтіп жатыр. Елімізге тыныштық, бейбіт заман тілеймін.

Ауылдағы Наурыз тойы осылайша көңілді өтті. Бәйгеде оза шапқандар олжалы болды. Ұлыстың ұлы күнінде бір-бірімен қимай тарқасқан ағайынды енді көктемнің дала жұмыстары күтуде.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу