Талдықорғанда тұрғындарға 2 мың литр наурыз көже таратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда тұрғындарға 2 мың литр наурыз көже таратылды

21.03.2022

Талдықорған халқы да Ұлыстың ұлы күні Наурызды бар сән-салтанатымен атап өтті. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қонақтарға аста-төк наурыз көже құйылды. Балуандар түйе мен қошқар көтеріп өзара мықтыларды анықтады. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

– Жетісу төріне Әз-Наурыз келді, Наурызбен бірге ырыс келді. Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге жиналған халықтың қарасы қалың. Көңілі де шат шадыман. Ауа райы да ерекше жадырап, жайнап тұр. Жетісулық арулар қонақтарға тілек айтып, дәм ұсынып, құрмет көрсетті. Думанды күні тұрғындарға шамамен 2 мың литрдей наурыз көже таратылды.

Зейнезайып Жақиянова, қала тұрғыны:

– Халқымыз аман-есен болып, әр жылы Наурызды көруді жазсын! Бақ, береке-бірлігі арта берсін! Елде тыныштық болсын!

Өткен аптада Президент Жолдауындағы үш облыстың қайта құрылатыны туралы ақжолтай жаңалық жетісулықтардың мерекелік көңіл күйін еселей түскен. Қай шаңыраққа кірсең де халықтың пікірі оң мен тілегі ортақ.

Мықтыбек Рахымбеков, Талдықорған қаласының құрметті азаматы:

– Жетісу облысы деп жердің атымен аталып жатыр. Бәріміз қуаныштымыз, халық қуанышты. Осы қуаныш қуанышқа жалғассын!

Түйе және қошқар көтеру сайыстары жиналған қауымның делебесін қоздырып, мерекенің ажарын аша түсті. 250 келіден астам салмағы бар тайлақты иығына өңгеріп, ең ұзақ жүріп өткен азаматтың жүлдесі де сол Ойсылқара төлі болды.

Хабарламаларға жазылу