Ұлық мейрам Сыр елінде дәстүрге сай дәріптелуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлық мейрам Сыр елінде дәстүрге сай дәріптелуде

21.03.2018

Наурыз - бірлік пен ынтымақтың, сыйластық пен мейірімділіктің мерекесі.  Наурыз күні  әрбір шаңырақ үйінің төріне шырақ жағып, Қызыр бабадан тілек тілейді.  Жасы кішілер үлкенге сәлем беріп, «уыз» бата алады. Араздасқан ағайын Ұлыстың ұлы күнінде татуласып, қауышады. Яғни, бұл күні салт-дәстүр жаңғырады, әдет-ғұрып айшықталады. Осынау ұлы мейрамды Сыр жұртшылығы да жақсы тілекпен дәріптеуде. 

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Бұл балақайдың аты-Қасымхан. Ауылдың ақ жаулықты аналары бүгін оны бесікке салды. Жалпы, қазақ халқы  жылдың басы - Наурызды  жақсылыққа балайды. Бүгін Қасымханға өмірі жарқын болсын деген тілек айтылды.

Ауыл халқы ұлттық құндылықтарды Ұлыстың ұлы күнінде ғана ұлықтамайды. Бұл - жыл сайынғы дәстүр. Көктем шықса, киіз үй  тігеді. Үлкендер тіршіліктің қазанын қайнатып абыр-сабыр, ал асық ойнап, асыр салған балалар  мәз-мәйрам. 

Әбіл Досанұлы, ауыл  тұрғыны:

- Жылдан-жылға Наурыз мерекесі жақсарып, жаңарып дегендей дәрежеге жетті. Қазір барлық жерде Наурыз мерекесін тойлайды. Ағаш егеді.  

Ал, мынау үлкен қазанда наурыз көже пісіп жатыр. Жеті түрлі дәмнен дайындалатын ерекше тағам әрбір отбасы үшін қастерлі. Көжені ыдысқа толтырып құяды, бұл – «жаңа келген жылдың несібесі ортаймасын» дегендік. Осынау тағылымға бай, өнегеге толы наурыз көже-мерекенің басты сәні.

Айым Шоңбаева, ауыл тұрғыны:

- Әр жер әртүрлі дайындайды, біз күрішті мол қосамыз. Өйткені, еліміздің мақтанышы күріш болғаннан кейін оны мол егеміз.

Жер-ана бусанып, Самарқанның көк тасы еріген, жиылған ел төс қағыстырған ұлық мейрам Сыр елінде дәстүрге сай дәріптелуде. Қыстан қысылып шыққан халық тоң жібітер сәттен тек жақсылық күтеді.    

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу