Сыр халқы Әз Наурызды дүркіретіп тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр халқы Әз Наурызды дүркіретіп тойлады

21.03.2023

Сыр халқы да бүгін наурыз мейрамын дүркіретіп тойлады. Мерекеге орай 38 күйіз үй тігіліп, орталық алаң этноауылға айналды. Дүбірлі думанға 20 мыңдай қала тұрғыны қатысып, көпшілік керемет көңіл-күйге бөленді. Биыл ырысты-күрішті өлкенің құрылғанына 85 жыл. Аймақтың торқалы тойы әз-наурыз мейрамынан бастау алды. Шарада елге сыйлы азаматтар бір мезетте 85 бүлдіршіннің тұсауын кесіп, тәй-тәй басқан балаларға кәде-сыйлар табысталды.

Гүлжан Ахметова, қала тұрғыны:

Үлкен аналарымызға, әкелерімізге алғысымыз шексіз. Осылай кішкентай сәбилеріміздің тұсауын кесіп ақжол тілеп, үлкен қадам жасап жатыр. Үлкен кісілердің жолын берсін.

Мерекеде өңірдің тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Дүбірлі думанды халықпен бірге тойлаған облыс әкімі де жұртшылықты ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.

Нұрлыбек Нәлібаев облыс әкімі:

Ұлыстың ұлы күні елімізге Сыр жеріне толайым жаңалықтарымен келгей. Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын. Наурыз мейрамы туған жерімізге әрбір отбасына ауызбіршілік пен ырыс, құт, молшылық, тоқшылық әкелгей.

Ал қыз-жігіттер алтыбақан теуіп көңіл көтерсе, балалар асық ойнап мәре-сәре. Боз кілемде палуандар белдесіп, білекті жігіттер қол күрестен сынға түсті. Тартысты бәсекелер көпшіліктің делебесін қоздырды.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Ұлық мерекеде ұлттық спорт түрлері де дәріптелуде. Осы жерде жігіттер қой көтеруден сайысқа түсіп жатыр. Мен де бағымды сынап көрейін. Иә, қойды көтеру де оңай емес. Екен бұл жерде жігіттердің алды 100 рет отырып тұрған қойды көтеріп. Біз де шамамыз келгенше сайысқа түсіп жатырмыз.

Орталық алаңда қаз-қатар тігілген 38 киіз үйде 38 қазан ас әзірленді. Тұрғындарға наурыз көже мен палау үлестіріліп, үлкен де, бала да астан дәм татты.

Ұлболсын Қылышбаева, қала тұрғыны:

Мына бала-шағамызбен бірге келіп, керемет көңіл-күйде. Әр жерде қазақтың ұлттық ойындары көрсетіліп жатыр. Халық ұлттық киімде келген. Қуанамыз. Осының бәрі тәлім-тәрбие деп ойлаймын.

Ата салтын ардақтап, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттаған Қызылорда тұрғындары жыл басы Әз Наурызды осылайша ерекше қарсы алды.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу