Оңтүстік Қазақстанда зорланды деген баланың ісін Бас прокуратура өз бақылауына алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстанда зорланды деген баланың ісін Бас прокуратура өз бақылауына алды

16.03.2018

Халықты дүрліктірген атышулы оқиға қазір ел арасында қызу талқыланып жатыр. Қазір бала мен оның әжесі Астанадағы балаларды оңалту орталығында. Қоғам белсенділері де істің ақ-қарасын анықтап, арнайы зерттеу жұмыстары әділ әрі ашық өтуін талап етіп отыр.

7 жастағы баланың ісі ақыры Бас Прокуратураға дейін жетті. Қылмыстық іс өндіріске қабылданып, сот-медициналық сараптамаға кәсіби мамандар тартылмақ. Бала қазір Астанадағы орталықтардың бірінде әжесі мен әпкесінің қасында.       

Зағипа Балиева, Бала құқығы жөніндегі уәкіл:

- Қауіпсіздік шараларының барлығын жасадық. Қарны тоқ, жағдайы жақсы. Қазір бірнеше азаматтармен барып қайттық. Барлығы дұрыс.

Алматыда бас қосқан қоғам белсенділері де бұл оқиғадан шет қалмай, мәселенің анығына жетуге тырысуда. Тіпті, арнайы қоғамдық топ құрылып, қажет болған жағдайда бала мен оның отбасына көмектесуге дайын екендіктерін білдірді.

Аружан Саин, қоғам белсендісі:

- Соңғы екі жылда педофилия бойынша бірнеше оқиға елімізді дүр сілкіндірді. Осы жолғы болған жағдай тіпті қиын. Бұл жолы болған оқиға алдыңғыға ұқсайды.

Жағымсыз жағдай орын алған жердің билігі оқиғаны жылы жауып қою үшін жасалмаған сараптаманы «жасадық» деп отыр. Ол жерде ешқандай зорлық-зомбылық белгілері де табылған жоқ. Ал, баланы кәсіби уролог дәрігер тексермеген. Сонда сараптама ненің негізінде жасалған деп отырғандары бізге түсініксіз.

Күдіктілер жасөспірім болғандықтан, Қылмыстық кодекстің 532-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құпиялылық құқықтарын сақтау қажеттігі қатаң бақылауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу