Қазалы ауданының жұрты аудан орталығына қатынай алмай қиналуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазалы ауданының жұрты аудан орталығына қатынай алмай қиналуда

13.03.2018

Қызылорда облысындағы Қазалы ауданының жұрты аудан орталығына қатынай алмай қиналуда. Дарияның арғы бетіндегі елді мекен тұрғындары орталыққа жету үшін қалқымалы көпірді пайдаланады. Оның өзінде, өзен үстіне қойылған қалқымалы көпір су көбейгенде және мұз ерігенде қатынауға жарамыз болып қалады. Амал жоқ, тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан мұздың үстімен жүруге мәжбүр. 

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

 - Дәл мен тұрған жерде өзеннің тереңдігі шамамен  20-30 метр болады. Қыста мұздың қалыңдығы 1 метрге дейін жеткен. Ал, қазір күннің жылынуына байланысты мұз еріп жатыр, тіпті, дарияның бетіндегі мұз еріп, мынадай шалшық суға айналған.

Дарияның арғы бетіндегі Абай ауылында 1000-ға жуық тұрғын бар. Олар аудан орталығына осы мұздың үстімен қатынап жүр. Көршілес Басықара елді мекені арқылы жүретін жол бар, бірақ ұзақ. 43 шақырымды айналып өтеді. Сондықтан, өміріне қауіп болса да жұртшылық төте жолды таңдауға мәжбүр.

Оңғарбай Әлмұратов, Абай ауылының тұрғыны:

- Біз анау жақпен қатынауға қаражатымыз келмейді, қымбат. Сосын амал жоқ, осы жермен еріксіз өтеміз.

Бұған дейін мұнда қалқымалы көпір болды. Жаз бойы тұрғындар сол арқылы қатынап келді, ал, қыста су көтерілген уақытта пантонды алып тастайды. Оның үстіне, ұзақ жылдардан бері пайдаланғандықтан, көпірдің әбден тозығы жеткен. 

Көпірдің қашан салынатыны белгісіз, ал, көпшілік оны күтіп отыра алмайды. Қауіпке бел байлаған тұрғындар ештеңеге қарамастан екі ортаға әлі мұз үстімен қатынап жүр.  Ал сең жүрген уақытта байланыс мүлде үзіледі.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу