Табыстың кілті - ғылымда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Табыстың кілті - ғылымда

26.03.2014
Табыстың кілті - ғылымда
Ғылыми жағынан негізделген экономика ең алдымен Қазақстанның әлеуетін арттырады. Ал аграрлық ғылым дамыса, сынақтық аграрлық-инновациялық кластерлер құрылады.
 
Елбасы биылғы Жолдауында осы мәселелерге айрықша көңіл бөлуді тапсырды. Алматы облысында осы бағытта ауылшаруашылық құрылымдар еліміздің ғылыми-зерттеу институттарымен бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынастарын одан әрі нығайта бастады.
 
Шаруалар мен ғалымдардың бірлескен жобаларының жемісі - мол өнім және халықаралық талаптарға сай сапа болмақ.
 
Алакөл ауданындағы «Нағашыбек» шаруа қожалығы былтыр Дания елінен асыл тұқымды 200 сиыр сатып алды. Сондай-ақ, Ресейден 100  қалмақ сиыры мен бұқасын әкелді. 
 
Шаруашылық етті бағыттағы «герефордпен», суыққа төзімді қалмақ малын будандастырды. Алынған төлдің осы өңірге жерсініп кетуіне ғалымдардың кеңесі артық етпейді.
 
Дарын Нағашыбекұлы, «Нағашыбек» шаруа қожалығының жетекшісі:
Қалмақ сиырлары олар да етті. Табиғатқа төзімділігі сосын герефордтың еттілігін пайдаланып, екеуін шағылыстыру арқылы жаңа бір тауарлы табын жасамақ ойымыз бар.
 
Бүгінде ғалымдар кеңесі егістік алқабында да, бау-бақшада да өте қажет. Сапалы әрі мол өнімге қол жеткізудің бірден-бір жолы осы. Ғылым Дүниежүзілік сауда ұйымының қатаң талаптарынан шығу үшін де, халықаралық стандарттарға сай болу үшін де керек.
 
Қыдырбай Аманжолов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
Өнімділігін арттыру үшін шалғайдағы жайылымдарды пайдалануды қолға алуымыз керек. Ауылдың төңірегінде малды жая беруге болмайды. Азықтық, жемдік қорын арттыруымыз керек.
 
Алакөл ауданында өткен кездесуде шаруалар 4 ғылыми зерттеу институтының 10-нан аса ғалымымен жақынырақ танысты. Өздерін мазалаған мәселелерге нақты жауап алып, алдағы уақытта қоян-қолтық жұмыс істеуге уағдаласты.
 
Оспан Мұхаметқалиев, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары:
Жаңа озық әдістерді, жаңа сорттарды мал тұқымын асылдандыру, жем-шөп базасын дайындау жөнінде ғылымның ең соңғы жаңалықтарын аудан өндірісіне енгізу мәселесі қойылып отыр.
 
Ғалым мен шаруа арасында байланыс бекіді. Демек, Елбасы Жолдауындағы межелердің іс жүзінде орындалуына нақты қадамдар бар. 
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу