4 адамды өрттен аман алып қалған 4 құрылысшыға бүгін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі тағылды. Айта кетейік, 2-наурызда Астанадағы «Nova City» көпқабатты тұрғын үй кешенінде өрт шығып, бір отбасы жетінші қабаттағы пәтерде қызыл жалынның ортасында қалып қойған. Бірақ, өртті көрген 4 құрылысшы 3 бала мен олардың анасын дер кезінде құтқарып алды. Ал, оқиға орнына кейін жеткен өрт сөндірушілер зейнеткерді қауіпсіз жерге шығарды.
Русланның Арым дейтін қызы мен Нарым дейтін ұлы бар. Ол бір отбасының тіреуі, қамқоршысы. Кішкентайлары әкелерінің ерлігі туралы естіп, мақтан тұтып жүр. Олар үшін әкелері нағыз батыр. Ал, Русланның өзі «әуелі әкелік, одан соң азаматтық парызымды ғана орындадым»,- дейді.
Әлеуметтік желілерде тараған бұл видео құрылысшылардың батылдығын айқындайды. Сол 4 адамды құтқарған 4 азамат өрт болған жердің қасынан күнде өтеді. Жұмыс орындары тиіп тұр. Бірақ, олар сол күні де, бүгін де батырлық жасадық деп әсте есептемейді.
Әділбек Дағыстан, құрылысшы:
- Ешқандай мақтаныш емес, көңіл-күй бірқалыпты. Күнделікті жұмысқа келіп жүрміз. Бәріне рахмет.
Құтқарушыларды әуелі Астананың әкімі қабылдаған-тын. Бүгін оларға Төтенше жағдайлар департаменті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» атты төсбелгі берілді.
Қорыта айтқанда, олардың кейінгі толқынға үлгі болар азаматтар екені анық. Демек, осындай ерлерді барынша дәріптегеніміз ләзім. Әйтпесе, сүрінгенді де сәл сүйемей, суретке түсіріп, сүйіншілететіндер бүгінгі қоғамда көп.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ