Республика бойынша 4 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 2,5 миллион адам қатысты. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен салтанатты жиын өтті. Осылайша, Президент жариялаған 1 наурыз Алғыс айту күні Қазақстан халқының бірлігін одан әрі бекемдей түсті.
Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы белгілеген мереке дүйім елді одан әрі жақындата түсті. Алғыс айтуға себеп көп. Әсіресе, өзге этнос өкілдерінде. Өйткені, барлық ұлтқа мейірбандық танытып, оларды өз туғанындай қабылдаған Қазақ халқы қашан да ыстық. Мәселен, қуғын-сүргін кезеңінде елімізге 800 мыңға жуық неміс, 550 мың поляк, Солтүстік Кавказ халқы өкілдері, Шығыстағы 19 мың корей отбасы көшіп келген еді.
Камал Әлпейісова, Қазақстан халқы Ассамблеясының бас сарапшысы:
- Рахмет айту күні басқа мемлекеттерде де бар. Біздің Алғыс айту мерекесінің айырмашылығы - этностардың бір-біріне, қазақтарға алғыс айтуында.
Салтанатты шарада Мемлекеттік хатшы қазақстандықтарды құттықтап, жаңа қайырымдылық акциясын бастады. Гүлшара Әбдіқалықова «Қайырымды көршіге рахмет» акциясы түрлі этнос, мәдениет, дін, жалпы еліміздің азаматтарын біріктіретініне сенім білдірді.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Қазақта айтады ғой, «Туысы жақын жақын емес, көршісі, қонысы жақын - жақын» деп. Сондықтан, осы акция барысында әр көше мен қалаға, әр ауылға халық болып, ассамблея болып көмек көрсетеміз деп ойлаймын.
Бұдан өзге, бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұйытқы болуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа мультимедиялық порталы таныстырылды. Сайт арқылы ассамблея мүшелері видеотрансляциялар мен онлайн конференциялар жүргізе алады. Бұдан өзге, «Қазақстан халқы» атты тарихи интерактивті карта да көпшілік назарына ұсынылды. Ал, қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен өткен «Мың алғыс» атты концерттік бағдарлама болса, мерекелік кешті одан әрі әсерлі ете түсті.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ