Елдің туристік әлеуетін көпшілікке насихаттау мақсатында Брюссельде көлемді сурет көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдің туристік әлеуетін көпшілікке насихаттау мақсатында Брюссельде көлемді сурет көрмесі ашылды

28.02.2018

«Қазақстан - ұлы дала елі». Елдің туристік әлеуетін көпшілікке насихаттау мақсатында Брюссельде көлемді сурет көрмесі ашылды. Фотокөрме Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Көрмеге елдің сұлу табиғатын бейнелейтін 18 фото қойылған. Маңғыстау үстірті, Шығыстағы Алтай таулары, Алматыдағы Шарын шатқалы. Әрі қарай аяңдаса, Сыр өңіріндегі «Байқоңыр» ғарыш кешенін, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көруге болады. Көкшедегі Бурабайдың көркі, Астана мен Алматының сәулеті еуропалықтардың таңдайын қақтырды. Екі аптаға созылатын көрме екіжақты қатынастың одан әрі нығаюына сеп болады деген ойда ұйымдастырушылар. 

Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Ресей, Шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директоры:

- Қазақстанның табиғаты, таулары, ормандары өте әдемі. Астананың көрікті жерлерінің суреттері, жалпы елорда керемет қала. Маған Астанаға бірнеше рет сапарлау бақыты бұйырды. Бұл - ерекше позитивті шара. Екіжақты дипломатиялық қарым-қатынасымыздың 25 жылдығын тойлап жатырмыз. Еуропалықтар Қазақстанға визасыз саяхаттай алады. Сондықтан, көрмедегі таңғажайыптың бәрін олар өз көздерімен барып көруге мүмкіндіктері бар.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу