Қазақстандықтар үшін Еуропалық Одаққа визаны жеңілдету мәселесі бойынша келіссөздер биыл басталуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар үшін Еуропалық Одаққа визаны жеңілдету мәселесі бойынша келіссөздер биыл басталуы мүмкін

27.02.2018

Бұл туралы Брюссельде өткен «Қазақстан-Еуропалық Одақ» іскерлік кеңесінің 16-шы отырысында сөз болды. Жылына бір мәрте ұйымдастырылатын жиынға қазақстандық делегацияны еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастап барды. Еуропалық Одақ Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастықты арттыруға ынталы. Өзара байланысты нығайту үшін қос тарап басқосуда біраз мәселені талқылады.

Басқосудың басты тақырыбы-Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы іскерлік байланыстың көкжиегін кеңейту. Былтыр өзара сауда айналымы 25 пайызға өсіп, 30 млрд. долларды құрады. Басты сауда-экономикалық серіктестердің әлеуеті бұдан да зор.

Екатерина Захариева, Еуропалық Одаққа төрағалық етуші Болгарияның Сыртқы істер министрі:

- Қазақстанның «жасыл» экономиканы дамыту тұжырымдамасын және энергияның баламалы көздерін жетілдіру жөніндегі амбициясын қолдаймыз. «ЭКСПО» көрмесін ұйымдастыру-«жасыл энергия» саласындағы жаңа технологиялармен алмасуға мүмкіндік берді.

Қос тараптың бірлігі 2015 жылы қол қойылған кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімшарт аясында беки түспек. Осы уақытқа дейін келісімді Одақтың 21 мемлекеті ратификациялап, Еуропалық парламент бекітті. Маңызды құжатты тезірек жүзеге асыру үшін біздің ел арнайы «Жол картасын» жасауды ұсынып отыр.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Елбасының реформалық, модернизациялық бастамалары Еуропалық Одақ үшін кең мүмкіндіктер ашып отыр. Оны Еуропалық Одақ іске асыруға өзінің күш-жігерін салуға бүгін ынтасын білдірді.

Еуропалықтар Қазақстандағы цифрландыру үрдісіне қатысуға да қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Қайрат Әбдірахмановпен кездесу кезінде Халықаралық ынтымақтастық және даму Еурокомиссары Невен Мимица мәлімдеді. Сондай-ақ, қазақ министрі Еуропалық парламент депутаттарымен, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могеринимен де кездесті. Екеуара әңгіме барысында Ауғанстандағы жағдай, Одақ пен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы сөз болды.

Петер Буриан, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

- Біз Қазақстанның Ауғанстанды аймаққа жақындату үшін атқарып жатқан шараларына, бастамаларына жоғары баға береміз. Әрі аймақтағы серіктестеріміздің ұлттық ерекшеліктерін, амбицияларын ескеріп, 2015 жылы жаңартылған Еуроодақтың Орталық Азиядағы стратегиялық бағдарламасына тағы да өзгерту енгізуді көздеп отырмыз.

Аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғауға басымдық беру және жастарға білім беру бағдарламаларын көбейту. Қазақстан жасаған бұл ұсыныстарды Еуроодақ жаңа стратегиялық бағдарламаға енгізбек. Қарт құрлық сарапшылары елімізді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сәтті төрағалық етуімен құттықтады. Мәртебелі жиында қазақстандықтар үшін Еуропалық Одаққа визаны жеңілдету қажеттігі әлсін-әлсін айтылды. Бұйырса, биыл қос тарап осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізуді бастайды.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу