Биыл инвестициялық 11 жобаның құрылысы жүреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл инвестициялық 11 жобаның құрылысы жүреді

27.02.2018

Биыл елімізде инвестициялық 11 жобаның құрылысы басталып, жыл соңына дейін оның алтауын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен жиында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Қазақстанға қаржы тарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау Үкіметтің күн тәртібінен түскен емес. Қазір осы саладағы жағдай бір жүйеге келді. Нақты бағыттар бойынша мемлекетаралық жұмыстар басталып кетті.

Инвестиция тарту бойынша ел Үкіметінің тәжірибесі мол. Осы күні іске қосылған және құрылысы қарқынды жүріп жатқан жобалардың көбісі сыртқы инвесторлардан келген қаражаттың нәтижесі. Қазір 145 инвестициялық жоба дайын тұр. Жалпы қаражаты 47,8 млрд. долларға тең. Егер барлығы жүзеге асса, 35 мың адамға тұрақты жұмыс табылады. Бұл жобалар негізінен Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Түркия және Қазақстан - Ресей арасындағы келісімдер бойынша жүзеге асады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы 27,7 млрд. АҚШ доллары болатын 51 жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта 140 млн. доллар болатын 4 жоба іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша 2018 жылы 11 жобаның құрылысы жүреді.  Жалпы сомасы 363 млн. доллар болатын 6 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Айтпақшы, кеше Елбасы Үкімет пен Парламентте қазақ тілінің үстем болуына пәрмен берген еді. Үкімет үйінде ол бүгіннен бастап орындалды. Сөз алғандар баяндамаларын барынша қазақ тілінде жасады. Сонымен, инвестиция мәселесіне қайта оралсақ. Қазір көп заң өзгертіліп қайта дайындалуда, жұмыс істеуге барынша қолайлы болу мақсатында. Жақында өзгерген құжаттың бірі –«Жер қойнауы туралы» заң.

Елге инвестиция тарту бойынша сырттағы дипломаттарымыздың еңбегі зор. Қазір 64 елде елшілік бар. Оларға жүктелген міндеттің бірі - Қазақстанның бизнес климатын насихаттау. Оның үстіне өз сапарларында Елбасы да әрбір мүмкіндікті сәтті пайдаланатыны белгілі. 

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

 Осылайша, Мемлекет басшысының 2016-2017 жылдардағы сапарлары аясында 6 млрд. АҚШ долларынан астам инвестициялық және сауда келісімдеріне қол қойылды. 

Агроөнеркәсіп - экономика драйвері. Бұл қағида соңғы кездері жиі айтыла бастады. Соның нәтижесі қазір осы салаға жұмсалған инвестиция көлемі артып келеді. Былтыр 352 млрд. теңгеге жеткен. Оның ішінде 90 млрд. теңгеден астам тамақ өнімін дайындау бағытына жұмсалған.

Мемлекет тарапынан қолдау тек қана шетелдіктерге емес, отандық кәсіпкерлерге де бірдей көрсетіледі. Тіпті, олардың шетелдік инвесторлармен серіктес болуы үшін биылдан бастап арнайы көмек көрсетіледі. 

 Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу