Орал қаласында бизнес қауымдастығына жер беру мәселесін оңтайландыруды көздеген жаңа жоба жүзеге асты. Бұдан былай жер беруге жауапты мекемелердің өкілдері кәсіпкерлік орталығына жиналып, «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетеді.
Зәуре Аманбаева - бала оқытуды кәсіпке айналдырған жан. Бес жыл бұрын қосымша білім беру орталығын іске қосса, жуырда тағы екіншісін ашпақ. «Жер телімі тез рәсімделсе, негізгі нысанның құрылысына да кірісер едім», дейді кәсіпкер.
Зәуре Аманбаева, кәсіпкер:
Бұрын құжаттарымызға қол қою үшін я болмаса бір рұқсат қағазын алу үшін бірнеше орталыққа баратын болсақ, қазір «бір терезе» ережесі оңтайлы. Бұл жобаның өзі кәсіпкерлерге үлкен көмек деп ойлаймын.
Жаңа бастама біріншіден, уақыт пен қаржыны үнемдесе, екіншіден, кәсіпкер мен шенеунік арасындағы жеке-дара байланысты шектей түседі.
Дәурен Сатқанов, кәсіпкер:
12 инстанцияны қала бойынша аралап жүру, онда керекті маманды табу, уақытына дәл келу деген сияқты жағдайлар болды. Әрбір сейсенбі кез-келген тұрғын үшін жер мәселесін шешуде ешқандай кедергі болмайды.
Облыстағы кәсіпкерлік нысандардың басым бөлігі Орал қаласында орналасқан. Сондықтан болар, шаһарда жерге деген сұраныс әркез жоғары. Статистикаға жүгінсек, былтыр қалалық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөліміне 193, кәсіпкерлік бөліміне 227 өтініш түссе, жер сұраған бизнес субъектілерінің саны 6 мыңға жуықтаған.
Айнагүл Арыстанова, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджері:
«Бір терезе» режимінде әрбір кәсіпкер бір күн ішінде көмек ала алады. 50-ге жуық кәсіпкер осы қызметті пайдаланды. 15 кәсіпкердің мәселесі толық шешімін тапты.
Мұның өзі бизнесті дамытуға кедергі келтіретін енжар құқықтық нормалардың күшін жою жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындауға арналған нақты қадам.
Алдағы уақытта мұнда көрсетілетін қызмет түрін кеңейту жоспарда бар. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін жақын күндері орталық орналасқан аймаққа автобус қатынайтын болады.
Рауан ДИӘЛИ