Интернет арқылы тауарға тапсырыс беретіндерді алдап кететін алаяқтар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Интернет арқылы тауарға тапсырыс беретіндерді алдап кететін алаяқтар көбейген

14.02.2018

Абайлаңыз, алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Біздің арнамызға интернет арқылы сауда жасаймын деп, сан соғып қалған адамдар көмек сұрап келді.

Олар жалған жарнамаға алданып қалғандарын айтады. Енді ақшаларын да қайтара алмай, сатушыны да таба алмай дал болып отыр.

Наталья Кушнарева жеңілдіктен ұтамын деп, ұтылып қалды. Интернеттегі жарнамаға алданып, танымал брендтердің өнімдерін төмендеу бағаға сатып аламын деп ойлаған.

Наталья Кушнарева, қала тұрғыны:

-  «Timberland-shoes.ru» сайты арқылы ер адамға арналған бәтеңкеге қызықтық. Акция бойынша бұл аяқ киімге қоса, жақсы бағамен былғары сөмке алуға болады деп тұрды. Екеуіне де тапсырыс бердік. Ал, тауарлар 5 күннен кейін келді. Ашсақ, бәтеңке суреттегідей емес. Дермантиннен жасалған арзан, иісі жаман аяқ-киім. Ал, қоңыр былғары сөмкенің орнына матадан тігілген қара дорба келді.

Тауарға көңілі толмаған Наталья 31 мың теңгесін қайтарып алудың жолдарын іздестіреді. Сөйтсе, дәл осындай қақпанға түскен отандасымыз көп екенін анықтайды. Мына сайтта «Интегра» ЖШС-не шағымданушылардан көз сүрінеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі затқа тапсырыс бергендер әккі алаяқтардың арбауында қалғанын айтады.

 Альбина Әшім, тілші:

 - Интернет-дүкен өкілдері бәрін ойластырып қойған. Ғаламторды шарлап отырған сәтте жеңілдік жайлы жарнама жылт етеді. Сол сайтқа өтсеңіз, танымал брендтің тауарын арзанға сатып алу ұсынысы тұрады. Суреттер көрнекті, ақпарат нанымды. Тапсырыс беру үшін атыңыз бен нөміріңізді қалдырасыз. Бірнеше сағаттан соң сізге бір нөмірден қоңырау шалынып, тауар жайлы ақпарат нақтыланады. Келісіміңізді берген соң, дүкен өкілдері оны «Қазпошта» арқылы жібереді. Ал, көптен күткен сәлемдемеңіз қолға тиген кезде сізді тосынсый күтіп тұрады. 

Міне, тығырық. Тауарды алар кезде ақшаны «Қазпоштаға» төлеп қойдыңыз. Заң бойынша оны сатушыға 14 күн ішінде қайта жіберуге болады. Алайда, қорапта көрсетілген мекенжай жалған болып шықты. Телефон да сөндірулі.

«Қазпоштаға» жүгіндік. Өйткені, көпшілік ұлттық оператормен жұмыс істейтін кәсіпорын адал болатынына сенген. «Қазпошта» өкілдері бұл компанияның аттарына кір келтіргенін білген соң, олармен келісімшартты бұзуға уәде етті. Сондай-ақ, келешекте мұндай келеңсіздіктерді болдырмаудың жолын қарастыруда.

Асқарбек Алшанбаев, «Қазпошта» АҚ E-commerce жөніндегі атқарушы директоры:

- Қазіргі уақытта «Қазпошта» «Қазақстан бизнес» ассоциациясымен және «Атамекенмен» бірге интернет саудамен айналысатын компаниялар реестрін дайындап жатыр. Тек қана адал сатушылар, тұтынушылармен дұрыс жұмыс істейтін, тауарды 14 күннің ішінде қайтарып беретін интернет-магазиндер болады.

Ал, алданған бір топ астаналық Ішкі істер департаментіне арыз жазып қойды. Алайда, заңгерлердің өздері бұл оқиға оң шешімін табатынына күмәнмен қарайды. 

 Жандос Тұяқов, заңгер:

 - Интернеттегі ұрыларды қолға түсіру оңай емес екенін полицейлер де мойындап отыр. Өйткені, ақпараттық технология дамыған сайын алаяқтардың айласы да асып барады. Ал, егер кінәлері дәлелденсе, заң бойынша олар 4 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің қызметкері:

- Алаяқтық бойынша қылмыстың түрін анықтау қиындық туғызады. Өйткені, ол жерде алаяқтық жасап отырған адамның, оның теріс пиғылының бар-жоқтығы алғашқыда белгісіз болады.  Интернет қарақшылықпен күрескенде бұл қылмыстардың ашылуы әртүрлі уақытты талап етеді.

Бұл түйткілдің тағы бір шешімі бар. Алаяқтарды басқа бап бойынша, яғни, танымал атауды пайдаланып, авторлық құқықты бұзғаны үшін де жазалауға болады. Ол үшін сол бренд иелері олардың үстінен арыздануы тиіс.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу