Мәскеудегі әуе апатынан 71 адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеудегі әуе апатынан 71 адам қайтыс болды

12.02.2018

Кеше Мәскеу облысында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 71 адам қайтыс болды. Ресей астанасындағы Домодедово әуежайынан ұшып шыққан АН-148 маркалы лайнер көкке көтерілгеннен кейін бірнеше минуттан соң Раменск ауданына қарасты Степановское ауылының жанындағы ашық алаңқайға құлады. «Саратов әуе жолдары» компаниясына тиесілі ұшақ Орынбор облысындағы Орск қаласына ұшып баруы тиіс болған. Опат болғандардың арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы әзірге нақты белгісіз. Оқиға орнында Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің 600 маманы мен 120 арнайы техника күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Көрші елдің тергеу комитеті қылмыстық іс қозғап, апаттың неден болғанын тексеруге кірісті. Кейбір куәгерлер «ұшақ әуеде жанған күйі келіп құлап түсті» десе, енді бірі ауада қатты жарылыстың болғанын айтады. 

Светлана Петренко, РФ Тергеу комитеті БАҚ-мен жұмыс істеу бөлімінің жетекшісі:

- Ұшақтың сынықтары радиусы 1 шақырым болатын жерге шашылып кеткен. Криминалистер оқиға орнын зерттеп жатыр. Тергеушілер әуе апатына себеп болды деген барлық болжамды тексеріп шығады. Яғни, күн райының әсері, адам факторы, ұшақтың техникалық жағдайы және өзге де жайттарды назарға аламыз.

Ұшақта болған барлық жолаушы мен экипаж мүшелерінің аты-жөндері белгілі болды. Тізім Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында орналастырылды. Жолаушылардың арасында үш бала болған.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу