Кей банктер берген несиесі үшін тұрғындардан заңсыз комиссия алып келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кей банктер берген несиесі үшін тұрғындардан заңсыз комиссия алып келген

07.02.2018

Қазақстанның кей банктері берген несиесі үшін тұрғындардан заңсыз комиссия алып келген. Оны қайтарып алуға болады. Екеуара жасалған келісімшартта «Қарызға көрсетілген қызмет үшін» деген үстеме ақы белгіленіп, тұтынушылар оны ай сайынғы төлеммен қосып төлеген.

Айдар Көшербаев несиеге автокөлік алған. 3 жыл төлегеннен кейін келісімшартта артық комиссияның бар екенін біледі. Арыз жазып, сот арқылы ай сайын төлеп жүрген ақшасын түгел қайтарып алған.

Айдар Көшербаев, қала тұрғыны:

- Көлігіме төлеп тұратын ақшамнан бөлек 10 мың тағы төлейді екенмін. 3 жылға жиналып қалған. 10 мыңнан 300 мыңға жақындап қалған.

Қайтарып алынған ақшадан бөлек банкпен жасалған келісімшарт өзгертіліп, алдағы уақытта ол комиссия мүлдем алынып тасталды. Нәтижесінде несиенің мерзімі де, ай сайынғы төлем сомасы да қысқарған.

Руслан Дүйсенбаев, заңгер:

- Банк көрсететін қызметі мен операциялары үшін ғана комиссия ала алады. Ал, бұл бөлек банк комиссиясына да операциясына да жатпайды. Сондықтан, заңсыз болып есептеледі. Қазір сотта қарыз алушылардың тарапын дұрыс деп танып, кредитке көрсетілетін қызмет үшін алынатын комиссияның заңсыз екендігін нақталып отыр.

Заңсыз қосылған үстемені 2016 жылдың 1-шілдесіне дейін  несие алған банк клиенттері ғана қайтарып ала алады. Ал, одан кейін Ұлттық банк комиссияны «Қарызға қызмет көрсетуге байланысты ағымдағы шоттарды ашу және жүргізу үшін» алынатын үстеме деп заңдастырған болатын. Несиені толық төлеп, жауып тастағаннан кейін де зая кеткен ақшаны банк қайтаруға міндетті. Бастысы соңғы төлемнен кейін 3 жыл уақыт өтпеуі және қолыңызда несие туралы келісімшарт сақталуы керек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Ал, дұрысы банктен қарыз аларда өзіңіздің құқығыңыздың тапталмағандығына, заңсыз, күмәнді комиссиялардың жоқтығына көз жеткізіңіз.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу