Ашық теңізде жүзетін отандық кемелердің қауіпсіздігі күшейтілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ашық теңізде жүзетін отандық кемелердің қауіпсіздігі күшейтілмек

07.02.2018

2015-2017 жылдары ашық теңізде сауда  кемелеріне 100-ден астам шабуыл жасалған. Осындай заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін Мәжіліс депутаттары «Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы» конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Енді, ашық теңізде жүзетін отандық кемелердің қауіпсіздігі күшейтілмек. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің ішкі су жолдарына жеңілдетілген транзит тәртібін енгізу туралы келісімде тауар тасымалын арттыра түседі. Сондай-ақ, төменгі палатаның жалпы отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелігі бар субсидияны келісу және беру туралы да заң жобасы қаралды. «Шағын және орта бизнесте шенеуніктер ұлттық мүдде тұрғысынан жұмыс істеуі тиіс. Біздің министрліктер мен интеграциялық бірлестіктердегі біздің өкілдерге ерекше талап қойылуы керек» деп айтылды.

Қожахан Жабағиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Біздің бүгін талқылап отырған келісім негіздемелік құжат болып табылады. Бұған қосымша Еуразиялық комиссияның ілеспе құжаттары да әзірленетіні белгілі. Көлемі біраз болады. Осының бәрін өндірушілер нақты түсіне алады деу қиын. Осы орайда, өндірушілеріміз қалай хабардар болмақ?!

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Үкімет жанындағы интеграция мәселелері бойынша арнайы кеңес бар. Сол кеңестің отырыстарына міндетті түрде «Атамекен» және салалық қауымдастық өкілдері қатысады. Келісім немесе шешім қабылданғаннан кейін Еуразиялық экономикалық комиссия міндетті түрде өз веб-сайтында жариялайды.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу