Mega Silk Way 10 миллионыншы келушісін анықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Mega Silk Way 10 миллионыншы келушісін анықтады

22.01.2018

«Mega Silk Way» сауда, ойын-сауық орталығы 10 миллионыншы келушісін анықтап, осы орталықта 1 млн. теңгеге тауар сатып алуға болатын сертификат табыс етті. Мұндай мәртебеге Астана қаласының тұрғыны Берік Қуандықов есімді азамат ие болды. Мерейлі қонақты мұндағы мамандар есікте орнатылған арнайы құрылғының көмегімен білген. Мегадағы марапаттау сәтіне біздің әріптестеріміз де куә болып келді.

Қуандықовтар отбасының қуанышында шек жоқ. Қаңтардың 14-і ұлының туған күнін атап өтуге келген. Сол сәтте отағасы Берік табалдырықтан аттап, «тосын жайтқа себепкер боламын» деп ойламады. Осылайша, 3 балалы жас отбасы күтпеген қошеметке бөленді.  

Берік Қуандықов, қала тұрғыны:

- Ең бірінші қызыма коньки алатын шығармыз. Бұл қызымның арманы. Одан соң үйге қажетті зат алармыз. Туыс, дос-жарандарымыз өте көп. Жұмсау жағынан солар көмектеседі деп ойлаймын.   

Ашылғанына бір ай болған сәттің өзінде мұнда келушілер саны 1 млн-ға жеткен. 10 айда 10 млн-ға жету - MEGA SILK WAY үшін зор мәртебе. «Бұл мұндағы сауда орындарының ғана емес, жаңа форматта халыққа пайдалы сауықтыру алаңдарының көптеп ашылуынан», - дейді орталық мамандары. Мәселен, «Kango» батут орталығы көптің сұранысына ие. Мұндағы жаттықтырушылар да шетінен спорт шебері.

Қазыбек Мұхтар, «Kango» батут орталығының жаттықтырушысы:

- Күннен күнге біздің орталыққа келушілер саны артуда. Өйткені, қазір «Kango» секілді ойын-сауық орталықтары ашылуда. Біздің орталық екі бөлімнен тұрады. Бірінші батут алаңы, екінші өрмелеу алаңы. Бұл ең бастысы, денсаулыққа пайдалы. Әрі көңілді, қызықты.

Жалпы, еліміздегі «Меga» орталықтарға жылына 36 млн. адам келеді. Өткен жылдың өзінде тауар айналымы көрсеткіші 8 пайызға артқан. «Келешекте келушілер үшін сауықтыру алаңдарының санын арттырып, халыққа қолжетімді қызмет түрлерін көбейтеміз», - дейді Мега орталығының басшысы Сейітжан Есмағамбетов.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу