Астанада «Mega ice» мұз айдыны ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Mega ice» мұз айдыны ашылды

06.11.2017

Астанада белсенді демалыс орталығы «Mega Ice» мұз айдыны ашылды. Бірегей кешен «Mega Silk Way» сауда-сауық орталығында орналасқан. Айдын иелері бұл жер қала тұрғындарының сүйікті орны болады деген сенімде.

Енді елорда тұрғындары мен қонақтарының ғимарат ішіндегі мұз айдынында сырғанап, көңіл көтеруіне жол ашық. «Mega Silk Way» сауда-сауық орталығында ашылған мұзды ең алдымен болашақ чемпиондар сынақтан өткізді. 

Назар Есжанов, «Барыс-2012» хоккей командасының мүшесі:

- Бәрі ұнады. Достарыммен ойнадым. Жаттығу жасадық. Аяғым ауырмайды. Себебі, мен хоккейді жақсы көремін.

«Барыс» командасының ең жас мүшелеріне «Mega Ice» кешені сөзсіз ұнады. Айта кетейік, 5 жастағы балғындар конькиді аяғына байлағанына екі ай толды. Аз уақытта балғындардан нағыз хоккейші жасаған жаттықтырушылар мұз айдынына жоғары баға берді.

Константин Сергазинов, жаттықтырушы:

- Мұз айдынының сапасы өте жоғары деңгейде. Бұл жерде еш алаңсыз, жарақат алып қалам-ау деп қорықпай сырғанауға болады. Жылы кешенде мұз қалай қатар екен деп күмәнданған едім. Бәрі ойластырылған екен.

800 шаршы метр аумақты алып жатқан «Mega Ice» белсенді демалыс орталығы. Кешен таңғы 10-нан түнгі 22-00-ге дейін ашық. «Mega Silk Way» сауда-сауық орталығы ай сайын 1 миллионнан астам қонақты қабылдайтынын ескерсек, бұл жер астаналықтардың сүйікті орны болады деуге толық негіз бар.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу