Аграрлық саланы жаңғырту қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аграрлық саланы жаңғырту қажет

16.01.2018

Көл-көсір мұнайдың дәуірі аяқталып келеді. Өз Жолдауында осылай деген Елбасы аграрлық саланы алға оздыру міндетін қойды. Ол бойынша жауапты мамандар ауылшаруашылық саласын ғылымға негіздеп, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру керек.

Аграрлы ел ретінде бізде өндірілетін өнім көлемі көңіл көншітпейді. Салыстыратын болсақ, аумағы бізден 66 есе кіші Голландия жылына 100 млрд. доллардың ауылшаруашылық өнімін экспорттайды. Біздегі көрсеткіш әрі кетсе 2,1 млрд. доллар, яғни, 50 есе аз. Ал, ауа райы Қазақстанның солтүстік облыстарына ұқсас Канаданың еңбек өнімділігі 14 есеге көп. Жолдауда көштен қалмаудың жолын айтқан Елбасы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділік пен экспортты 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Тапсырманы мінсіз орындау - Ауыл шаруашылығы министрлігінің міндеті.

Әбілда Дәуренбек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас сарапшысы:

- Қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында агроөнеркәсіп субъектілерін қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру мәселесі, халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін жетілдіру, автоматтандыру, әсіресе, цифрландыру мәселесін осы жыл жүзеге асыру бойынша агрономия саласын реформалау бағыттарында министрлікпен жұмыстар атқарылатын болады.

Сондай-ақ, Елбасы агротехникалық университеттердің рөлін қайта қарауды тапсырды. Біздегі оқу орындары тек диплом берумен ғана айналыспай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауы тиіс. Ол үшін бірінші кезекте оқу бағдарламаларын жаңартуы қажет.

Саяхат Оразұлы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті техникалық факультетінің деканы:

- Университет бұған дайын деп айтуға болады. Біз былтыр қазақ-герман дән егіншілік орталығын аштық. Оқу бағдарламаларына жаңа оқу курстары енгізіліп, «ақылды» технологияларды оқыту мәселесін көтеріп жатырмыз. Әртүрлі деңгейдегі бакалавр, магистрант, доктаранттарға жеке-жеке курстар ашылды.

Алда аграрлық университеттерді үздік тәжірибені тарататын орталықтарға, ал, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру міндеті тұр. Оған Астанадағы оқу орны мен Ауыл шаруашылығы министрлігіның мамандары «толық дайынбыз» деп отыр.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу