Еліміздің бірнеше өңірінде жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірнеше өңірінде жолдар жабылды

11.01.2018

Ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірнеше өңірінде жолдар жабылды. Кеше түнде басталған ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран әлі де сейілер емес. Қар толассыз жауып, желдің жылдамдығы күрт артқан. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы өңірлердегі жағдайдың жай-жапсарын баяндасын.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қарағанды облысы бойынша барлық бағыттағы жолдар жабық. Секундына 20 метр жылдамдықпен жел соғып тұр. Ақтүтек бораннан бағытыңды бағдарлау мүмкін емес.

Қазір өңірдегі барлық бақылау бекеттерінде көліктер сыртқа жіберілмей қаңтарулы тұр. Тәртіп сақшылары күзетті күшейткен.Себебі, облыстың кей жерлерінде желдің жылдамдығы тіпті жоғары. Жолға шыққандар қала шетіне әупірімдеп зорға ілігуде.

Қуат Айнулдин, жүргізуші:

Таңға таман төрттің кезінде шықтық. Жол жаман, ештеңе көрінбейді. Көліктер  барлығы далада қалды жолдың шетінде. Он шақты көлік көрдім. Бірі төңкеріліп жатыр. Жол жүріп қажеті жоқ мынадай күні.

Кешелі бері төтенше жағдайлар қызметінің 112 нөміріне 1000-нан астам қоңырау түскен. Теміртау мен Астана аралығы, Алматы-Екатеринбург, Жезқазған қаласына барар бағыттағы жолдарда бұрқасыннан түк көрінбейді.

Алайда, ескертуге құлақ аспай тәуекелмен шығып кетіп көлігі қар құрсауында қалған 20 жолаушыны төтенше жағдай қызметкерлері құтқарды. Қаладағы да жағдай мәз емес.  Қарағандының өз басында күшті жел тіпті тұрғын үйлердің шатырын жұлып әкетіп, бағандарды құлатқан.

Ақ түтек боран павлодарлықтарды да әбігерге салды. Ауа райының қолайсыздығынан мектептерде оқу тоқтатылды,  Алматы-Павлодар, Астана-Павлодар әуерейстері кейінге шегерілді.

Ерлан Макин, жол-патрульдік полициясының аға инспекторы:

Таңертең бетте күн ашық болды. Боран түстен кейін басталды. Аудандарда түк көрінбейді. Желдің жылдамдығы өте қатты. Сондықтан, барлық бағыттарға жолды жауып тастадық. Ешбір көлік қаладан  шығарылмайды. 

Ал, Ақмола облысында боран мен көктайғаққа байланысты 7 бағыт бойынша жолдар жабылды. Облыс орталығы Көкшетаудан бүгін жеңіл көлікпен шығу мүмкін болмады. Түнде басталған боран әлі де басылар емес. Көкшетау қаласы мен бірқатар аудандарда бастауыш сынып оқушыларына сабақ доғарылды. Қар құрсауында қалып қойғандар жоқ.

Азамат Қажкенов, Ақмола облысы бойынша ТЖД бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі басқармасының бастығы:

Төтенше жағдайдар департаменті, жергілікті полиция қызметі, әкімдіктер мен жол мекемелері бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. 10 қаңтар күні арнайы штаб құрылды. Облыс бойынша 200 жылыну орындары дайындалған. Тұрғындарды жол жабық уақытта сапарға шықпауға шақырамыз.

Синоптиктер күн райының ертең де құбылмалы болатынын айтады.Сондықтан, сақ болған абзал.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу